«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАУЫЛПАЗ ЖЫРАУ АТЫНДАҒЫ ЖАРЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Қызылжар төрінде қазақ күресінен еліміздің іргесін бекемдеп, ентелеген жаумен күресте ерен ерлік көрсеткен қолбасшы, өз заманының қайраткері Қожаберген Толыбайұлы атындағы республикалық турнир өтті.

Дауылпаз жыраудың 1663 жылы Жамбыл ауданының Гүлтөбе деген жерінде Толыбай сыншының отбасында дүниеге келгені белгілі. Араб және парсы тілдерін жетік білген Қожаберген 25 жасында ордабасы, яғни әз-Тәуке хан ордасының бас қолбасшысы әрі бас ақыны болып сайланады. Даңқты тұлғаны көпшілік жадында жаңғыртып, түрлі іс-шаралар өткізудің жас ұрпақ үшін маңызы зор.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Петропавл қаласының құрметті азаматы, облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Бауыржан Құлжанов бұл жарыстың әйгілі қолбасшының 350 жылдығына арналғанына тоқталып өтті.
– Қазақ халқы өз тарихында тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартты. Тәуелсіз мемлекетімізді төрткүл дүние танып, тарихымызды түгендеп жатқан кезеңде еліміздің бостандығы мен береке-бірлігін ойлаған батыр бабаларымыздың есімдері мен тағылымды өмір жолдарын бүгінгі жас буынның біліп өсуі парыз. Бүгінгі сайысымыз да осы мақсатты көздейді, – деді Бауыржан Ниязұлы.
Спорт ардагерінің айтуынша, соңғы жылдары өңірімізде қазақ күресі қарқынды дамуда. Былтыр Петропавл қаласында “Қызылжар арландары” кәсіпқой күрес клубы ашылған болатын. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ербол Мырзабосынов бастаған, “Қазақстан барысы” турнирінің жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы Мұхит Тұрсынов қостаған тәжірибелі балуандар жергілікті спортшылармен бірге жаттығып, бағыт-бағдар беріп, бай тәжірибелерімен бөлісуде.
Үстіміздегі жылы облысымызда қазақ күресінен бірнеше ірі жарыс ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, Наурыз мейрамы қарсаңында студенттер арасында облыс біріншілігі, мамыр айында “Қазақстан барысы – 2019” республикалық сайысының облыстық кезеңі өтеді. Ал тамыз айында қазақ күресінен спорттық клубтар арасында алғаш рет ел біріншілігі ұйымдастырылмақ.
Бұдан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин дауылпаз бабамыздың шығармашылығын тілге тиек етті. Ақын дастандарында елді сыртқы жауға қарсы күреске шақырып, қазақ халқының ынтымағын жырға қосқанына тоқталды.
Дәстүрлі сайысқа Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Шымкент қалаларынан келген 184 жасөспірім қатысты. Бұл додада өңір намысын күрестен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, облыстық мектеп-интернат-колледжінің, “Олимп” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері және облыстың аудандарынан келген өрендер қорғады.
Біріншілік барысында 2004-2005 жылдары туған спортшылар боз кілемге шығып, 11 салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтады. “Күш атасын танымас” демекші, бірі қарсыласының жауырынын жер иіскетсе, екіншілері жеңіліс тауып жатты. Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Сламғали (32 кг., Екібастұз қ.), Мұхтар Әлиев (35 кг., Шымкент қ.), Дмитрий Динер (38 кг., күрес мектебі), Нұржан Сәрсенғалиев (42 кг., Атырау обл.), Нұрлан Абдуназар (46 кг., Шымкент қ.), Темірлан Савет (50 кг., Көкшетау қ.), Өміржан Байболсын (55 кг., Атырау қ.), Аян Төсекбай (60 кг., күрес мектебі), Никита Кузьмин (66 кг., Көкшетау қ.), Алмас Махаматов (73 кг., Шымкент қ.), Жасұлан Қолқабаев (73+ кг., Ақмола обл.) жеңістің биік тұғырына көтерілді. Қарсыластарын қапы қалдырған толағайлар боз кілем үстінде айла-тәсілдердің түр-түрін жасап, жанкүйерлердің қошеметіне ие болды.
Батыр бабамызға арналған сайыста өзге де жерлестеріміздің табандылықпен белдесіп, намысты қолдан бермеуге тырысқанын айтпай кетуге болмайды. Петропавл қаласындағы күрестен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері – Айдын Қуанышев, Жоламан Сәдуақасов, Әлихан Еркінұлы, Жігер Еркінұлы, Мұхамед Қалелов, облыстық мектеп-интернат-колледжінің өкілдері – Жалғас Қойшыбай, Рауан Ескендір, Ақжар ауданының балуаны Ернар Қайрат, шалақындық Нұрасыл Қорғанбай, “Олимп” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері – Владислав Харченко мен Шыңғыс Кәкім өз салмақ дәрежелерінде жүлделі орындарға ие болды.
Екі күнге созылған жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, оларға грамоталар, медальдар және кубоктар табысталды.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp