«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕШІККЕН БАҚЫТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Олар күтпеген жерден мейрамхананың киім ілетін тар бөлмесінде кездесіп қалды. Әсемгүл бір кездегі шалқақ кеудесі сәл еңкіш тартып, жазық маңдайы мен сопақша бетін жыра-жыра әжім торлаған қарт ананы көре сала жанына жүгіріп келіп, құшақтай алды. Айқасқан құшақ көпке дейін жазылмады.

Енесі арада бірнеше жыл өтсе де, келінінің бойынан еш өзгеріс байқай алмады. Аналап, Нұрикамалдың асты-үстіне түсіп жатыр. Мұның да келінін құшағынан босатқысы жоқ. Сағынып қалыпты.
Әсемгүлдің: “Апа, сізге көп рақмет! Мен өмір жолының тақтайдай түзу болмайтынын, бұралаңында қалай дұрыс жол табу қажеттігін, кез келген жағдайға дайын болу керектігін сізден үйрендім”, – деп көз жасына тұншыға айтқан сөзі қарияның көңілін одан сайын босатып жіберді.
Алла тағаланың мырзалығында шек бар ма, оған Нұрикамал да жан-жүрегімен иланады. Содан да шығар дәрет құманын ала бергенде де, маңдайын бес уақыт шешесінің жасауынан қалған жыртық жайнамазға қойғанда да аузынан “Лә иллаха илла Алласын” бір тастамайды. Шалы екеуі ешкімнен кем болмады. Алтын асықтай бес перзент өсірді, бақты, қақты. Төрт қызы да ақылына көркі сай, менің жарым болсын дейтіндей. Бүгінде бәрінің төрт-бестен балалары бар.
Көпейі, шаңырақтың иесі – Асылбек үйленем дегенде, естері шыққанша қуанған еді. Қуанбағанда қайтсін! Жанға жан қосылып, кереге кеңеймей ме? Бәрінен бұрын ғасыр жастың жартысынан асқан жандардың қолдары жылы суға малынады. Бәрі солай болды. Келіні Әсемгүл ақ босағадан аттаған күннен бастап өзінің тәрбиелі отбасында өскенін көрсетіп, олардың қабағына қарады, жандарына шуақ сыйлады, көңілдерін қуанышқа бөледі.
Иә, Әсемгүл атына сай әсем еді. Қарт ата-енесінің алдында дөрекі қылық көрсетіп, жаман әдетке бой алдырған кезі жоқ. Тіпті, кейбір мәселелер туындай қалған күннің өзінде сабыры мен ұяңдығына жеңдіретін. Ол үйде болған кезде қос қарияның жандары тыныш, ал жұмыс сапарымен басқа өңірлерге кеткенде туған қыздарын күткендей жолын тосып жүруші еді…
Айдай сұлу, қасы-көзі қиылған, бәрінен бұрын ашық, аңқылдақ мінезді келіншегі бар Асылбек өзін өмірде жолы болған, бақытты азамат сезінетін. Осылайша күндер, айлар зымырап өтіп жатты. Көрші-қолаңды айтпағанда, елдің шетінде тұратын жамағайын туыстар Әсемгүлге іш тартып, қызыға да, қызғана да қарайтын еді. Отбасындағы сүттей ұйыған берекенің, сілтідей тыныш күндердің бұзылатынын кім ойлаған?
Қос қарияның жандарына ұлы мен келінінің арасында он жылдан астам уақыт бойы бір перзенттің болмауы аяздай батты. Асылбектің де, Әсемгүлдің де еңселері түсіп жүргенін сәт сайын байқап, жандарын қоярға жер таппайтын. Не деп ақыл айтарларын, не деп жұбатарларын білмей күнұзаққа көк жәшікке телміріп отыруды әдетке айналдырған. Немерелерінің тәтті қылықтарына тоймай жүретін шақтары емес пе? Кеш қарая салысымен таспиығын санап, зікір айтады. Алладан сұрайтыны сол: бір ғана сәби.
Әсемгүл бәрін іштей сезіп жүрсе де баяғы кішіпейілділігінен, қарапайымдылығынан, ақкөңілдігінен танған жоқ. Құрсағына екінші бір тіршілік иесінің бүр жаруын сұрап, бармаған жерлері, баспаған таулары қалмады Тіпті, шекара асып Қытайдың беделді клиникаларында ем қабылдады. Болмады. Қолдан келер қайран жоқ. Алланың маңдайға жазбағанын сұрап та, тартып та ала алмайсың.
Әсемгүл ұйқысынан әдеттегіден тым ерте оянды. Беліне дейін түсетін бұрымын тарамай, орамалымен байлай салды. Ішіндегі арпалысқан ойын үлкендерге айтуға бел буды. Айтқысы келмейді, бірақ бұдан әрі іште сақтай алмайтынын сезді.
– Ата, апа, мен бұл ойымды Асылбекке де айттым. Сіздерге де айтатын уақыт келіп тұрған сияқты. Он бес жыл бойы келін болып, алдарыңыздан өткен жоқпын. Шаңырақ оты маздай берсе деп едім. Алайда, Алланың өзі бұған қарсы сияқты. Шаңырақтың ошағын келін емес, оның балағынан саулаған ұрпақ емес пе сақтап қалатын. Құдай бізге перзент бермеді. Оған өзімнен басқа ешкімді жазғырмаймын. Сүйген жарым Асылбектің бақытын байлағым келмейді. Бір үйдің жалғыз ұлының соңында тым болмаса жалғыз тұяқ қалса екен деп ойлаймын. Менің бар арманым сол. Кейде бір-бірін шын жақсы көретін жандардың айырылысқандары жақсы, – дегенде бөлме іші сілтідей тына қалды.
Кемпір мен шалда үн жоқ. Бұл сөздерді естіген олардың жанарларын әп-сәтте мұң торлап алды. Қайғы мен қимастықтың мұңы. Туған қызындай болып кеткен келіннің мына сөздері оларға ашық күні найзағай жарқылдағандай әсер етті. Оған бала бермеген Жаратқанды кінәлауға дәттері жетер емес. “Ей, қу дүние-ай, кім көрінгенге перзент сыйлайсың, ал зар еңірегеннің көз жасын көлдетіп қоя бересің”, – деген зарлы үндерін сыртқа шығаруға күштері жетпеді.
…Жиылған киім-кешек. Әсемгүл оң аяқпен аттаған босағадан сол аяқпен аттанғалы тұр. Асылбектің де ұнжырғасы түсіп кеткен. Қарттардың жағдайы, тіпті, қиын. Әсемгүлдің “Ал, апа, ата…” деп қоштаспаққа жинала бергені сол еді, енесі “Құлыным, қалай тастап кетіп барасың?” – деп еңіреп қоя берді…
Содан бері арада бес жыл өтті. Бір-бірлерінің қал-жағдайларын сұрап жатыр. “Асылбек қалай?” – деген сауалына Нұрикамал “жақсы” деп қана қысқа жауап берді. Оның бүгінде екі бірдей ұл баланың әкесі атанғанын ішіне бүгіп қалды. Әсемгүл де қос қызғалдақтай қызды дүниеге әкелгенін, басқа бір жігіттің бағын жарқыратып отырғанын айта алмады…


Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp