«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР ҚАМҚОРЛЫҚҚА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” партиясының XVIII съезінде биылдан бастап қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыру бойынша бірқатар игі істер жүзеге асырылатынын айтқан болатын. “Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Съезд барысында айтылған міндеттер халқымыз­дың әлеумет­тік жағдайын жақсар­туға бағытталып отыр. Бұл орайда біздің облысымызда да бірқатар іс-шаралар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Солардың дені көпбалалы аналарды қолдауға арналған. Бүгінде өңірімізде алты мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оларға ай сайын жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік жәрдемақы берілуде. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларының иегерлеріне берілетін жәрдемақының екі есеге көбейтілуі де көптің көңіліне қуаныш сезімін ұялатты. Төрт-бес баладан көп перзент тәрбиелеп отырған аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы өседі. Мұны өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде айтқан болатын. Көпбалалы отбасынан шыққан балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау да – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Мектептерде оқитын 3613 өренге тегін тамақ беріледі. Колледждерде білім алатын 1300 студент әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілген.
Аз қамтылған көпбалалы отбасылардың кәмелетке толмаған балаларының әрқайсысына көмек көрсетудің бірыңғай мөлшері өсті. Сөйтіп, атаулы әлеуметтік көмек алатын әр балаға 20 789 теңге берілетін болды. Көмекті тағайындау кезінде отбасының жиынтық табысын анықтау тәртібі де өзгеріске ұшырады. Яғни, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жиынтық табысты анықтау кезінде төрт және одан да көп баласы бар отбасының 10 504 теңге көлемінде алатын арнайы мемлекеттік жәрдемақысы есепке алынбайтын болды. “Алтын алқа” және “Күміс алқа” алқаларына ие көпбалалы, сонымен қатар мүгедек перзентінің күтімімен отырған аналардың мемлекеттен алатын жәрдемақысы мен осындай отбасылардан шыққан балалардың шәкіртақысы да саналмайды.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі бойынша да жеңілдіктер қарастырылды. Енді мұндай көмек түріне ие болатын азаматтар тиісті органға тек отбасындағы еңбекке жарамды жандардың еңбекақысы мен қосалқы шаруашылықтан түсетін пайда туралы ақпаратты ұсынуға міндетті. Бұрын азаматтар табысы туралы алты құжат жинайтын. Көмек тағайындаудың бұл түрі үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап “Е-халық” жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл жүйенің қолданысқа жаңадан енгізіліп отырғанын атап өткеніміз жөн. Оның негізінде құжаттарды талап етпей-ақ мемлекеттік органдардың мәліметтер базасын пайдалану арқылы атаулы әлеуметтік көмекті барлық ауылдық округтерде тағайындау мүмкіндігі туады. Тағы бір жағымды жаңалық, жұмыспен қамту орталықтарында немесе ауылдық округ әкімдіктерінде атаулы әлеуметтік көмек алу кезінде тұрғындардан тек жеке куәлігі мен өтініші талап етілетін болды.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі жұмысты жеңілдету мақсатында облыс аудандарында және Петропавл қаласында электронды әлеуметтік карталар құрылады. Олар әр отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, өзге де қажеттіліктерін бағалауға септігін тигізбек. Аталмыш құжат негізінде қай отбасының шын мәнінде көмекке зәру екендігі бақылауға алынады.
Бүгінгі күндері өңірімізде атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасыларды анықтау шаралары ұйымдастырылуда. Науқан аяқталған соң әр отбасына әлеуметтік карта толтырылып, жинақталған мәліметтер қолжетімді болмақ.
Жаңа жүйенің бір артықшылығы, көмекке мұқтаж жандар жұмыспен қамтылып қана қоймайды. Сонымен бірге аз қамтылғандар біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарына жіберіледі, бағдарламада оларға шағын несие беру мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл қолдаудың барлығы, бірінші кезекте, отбасылардың кедейшіліктен құтылуы үшін көрсетіліп отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелер беру көзделген. Осыған орай “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы өзгеріске ұшырап, жоғарыда аталған отбасыларға тиесілі гранттар сомасы 252,5 мыңнан 505 мың теңгеге дейін артпақ. Үстіміздегі жылы гранттарды тағайындауға – 300 млн. шағын несие беруге 2,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Шағын несие беруді көбейту кәсіпкерлікті қолдау мақсатында уақтылы қолға алынған шара деп есептейміз. Осы бастаманың арқасында тек қала ғана емес, сондай-ақ, ауылдық жерлердегі отбасылар өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Биылғы жылдан бастап көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға үйде отырып еңбек ету мүмкіндігі қарастырылуда (тігінші, диспетчер, кондитер, бухгалтер, заңгер және т.б.). Көмекке зәру аналарға аспаз, тігінші, бухгалтер, әлеуметтік қызметкер мамандықтары бойынша қысқамерзімді курстар ұйымдастыру жоспарланған.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа талаптарына сәйкес мемлекеттік көмек алушылар қатары арта түспек. Облыс бойынша 3225 отбасын немесе 11527 тұрғынды, соның ішінде 6708 баланы қамту көзделген. Әлеуметтік қолдаудың бұл түріне республикалық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылған.
Бүгінгі таңда орталық атқару органдарында жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекке орай нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Гүлмира МӘУЛЕТБАЕВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.
СУРЕТТЕ: Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылында тұратын Бейсембаевтар әулеті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp