«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕРЗЕНТ СҮЮ — ТӘҢІР СЫЙЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін тамамдап, 2010 жылы еңбек әліппесін аштым. Дәрігер ретінде ана мен бала өміріне жауапкершілік зор екенін түсінемін. Қазір облыстық перинаталдық орталықта жүктілер патологиясы бөлімшесінде дәрігер болып жұмыс істеймін.

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Медицина саласының дамуына, әсіресе, ана мен баланың денсаулығын қорғауға үлесімді қосып отырғанымды мақтан етемін. Күн сайын облыстық перинаталдық орталықта аналардың қуанышына куә болып жүрмін. Перзентін құшағына басқан әр ананың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Әйелдің шынайы бақыты – сәби сүю ғой. Сондықтан мен өзімді бақытты дәрігер санаймын.
Біздің орталықта жұмыс әркез қауырт. Дәрігер ретінде ананың өміріне ғана емес, сәбидің денсаулығына да тікелей жауаптымыз. Қандай қиындық орын алса да, екеуінің өмірін сақтап қалуға міндеттіміз. Өйткені, ана мен бала – егіз ұғым. Өмірде олар бір-бірінен ажырамауы тиіс. Кейде кесір тілігі арқылы дүниеге келген шақалақ үн қатпаса, қатты қобалжимын. Іңгәлаған сәби дауысы естілгенде ғана жүрегім орнына түседі.
Біздің жұмысымызда қиындықтар ғана емес, қызықты сәттер де көп. Әсіресе, жасы ұлғайған әйелдердің батылдығына қайран қаламын. Өйткені, менің дәрігерлік тәжірибемде кеш босанған аналар аз емес. Бала бақытына кенелген әрбір ананың қуанышы біздің жұмысымыздың жемісі деп есептеймін. Ота сәтті өтіп, ана мен бала қауышқан сәтте көңілім орнығады.
Ауруханаға түскен әрбір әйел дәрігерлердің жіті бақылауында болады. Денсаулығында кінәраты бар келіншектерге күн сайын жоспарлы түрде ота жасаймыз. Тіпті, шұғыл жағдайда бір күнде бірнеше ота жасауға тура келеді. Қазір кесір тілігін жасататындар саны көбейді. Әрине, оның әр-түрлі себебі бар. Дегенмен, дәрігерлер аяғы ауыр келіншекке дер кезінде көмек көрсетуі қажет. Өйткені, біз үшін әр минут қымбат. Уақытты кешіктіріп алсақ, ананың ғана емес, баланың да өміріне қауіп төнеді.
Өкінішке қарай, кәмелет жасына толмаған жүкті қыздар да жиі кездеседі. Бірақ біз алдымен ананың жасына емес, денсаулығына баса мән береміз. Тағы бір айта кетерлігі, инфекциялық аурулардың салдарынан ананың денсаулығында ауытқулар болуы мүмкін. Оның кесірі жаңа туған сәбиге де тиетінін ескерген жөн. Сондықтан әрбір қыз-келіншек өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен.
Әрбір отбасында әрқашан сәбидің шат күлкісі естілсе екен деймін. Халқымыздың саны көбейіп, ұрпағымызбен бақытты өмір сүргенге не жетсін!

Әсел СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,  облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp