«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТЕАТР — МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Театр – саф алтындай таза өнер. Сондықтан да кез келген сахнагер оның талабынан шыға алмайды. Ол үшін өнер иесінің дарынды, шыдамды әрі жан-жақты болғаны маңызды. Біз сұхбаттасқан Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының актрисасы, “Мәдениет қайраткері” Аида Сұпатаеваны осындай сахнагер десек, артық айтқандық болмас.

– “Өзге емес, өзім айтам өз жайымда” деп жыр жазған өр рухты, қайсар ақын Қасым Аманжолов айтпақшы, әңгіменің әлқиссасын әуелі өнерден емес, өзіңізден бастасақ әбестік болмас.
– Мен 1978 жылы Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл облысында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Ақбұлақ деген ауылда балалық шағым өтті. Әкем – Ілияс, анам – Рәзия қарапайым шаруа адамдары. Мен әртіс болуды ешқашан армандаған емеспін. Бірақ ата-анам да, бауырларым да өнерден құр алақан емес. Өзім де бала күнімде үйірмелерге қатысып, мәдени шаралардың басы-қасынан табылатын едім. Мектеп бітірген соң Ыстықкөлдегі білім ордаларының біріне филология мамандығына құжат тапсыруға бардым. Сол сапарымда Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтының актер бөліміне студенттер қабылданатыны туралы жарнаманы көзім шалып қалды. Осылайша, Алматыдағы айтулы білім ордасының актер мамандығына оқуға түстім.
Біздің бақытымызға орай, сол жылы білім ордасында ұйғыр, неміс, қырғыз, орыс бөлімдері ашылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының негізін қалаған белгілі режиссер, қазақ өнеріне еңбегі сіңген Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбектің аудиториясында өнердің қыр-сырын меңгердік. Оқу бітірген соң біз Ыстықкөлдегі облыстық театрға жолдамамен жұмысқа орналастық. Қырғызстанға келген бір сапарында ұстазымыз елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Қызылжардағы қазақ театрына жұмысқа шақырды. Ол кезде біз Баатырбек Шамбетов екеуміз отбасын құрған болатынбыз. Өмір мен өнерде қол ұстасып, киелі Қызылжарға жол тарттық. Содан бері жиырма жылға жуық уақыттың қалай сырғып өткенін өзіміз де аңғармай қалдық. Мұнда келгенімізге ешқашан өкінген емеспіз. Өйткені, жас маман ретінде бізге жергілікті билік ерекше қолдау көрсетті. Пәтер беріп, алаңсыз жұмыс істеуімізге жағдай жасады.
– Жиырма жылдың ішінде талай қойылымда түрлі кейіпкерлердің бейнесін сомдадыңыз. Актриса ретінде қандай рөл жаныңызға жақын?
– Құдайға шүкір, осы уақыт бедерінде “Мама”, “Иірім”, “Бес бойдаққа бір той” сияқты тағы басқа спектакльдерде басты кейіпкерлерді сомдадым. Көрермендермен қауыштырған әр спектакль мен үшін ыстық әрі қымбат. Тәжірибе мен актерлік шеберлік болса, кез келген сахнагер кейіпкердің образын сәтті алып шығады деп ойлаймын. Кәсіби маман ретінде әрбір рөлді жоғары деңгейде ойнауға тырысамын. Өйткені, әр қойылым шығармашылық ізденіспен, үлкен еңбекпен келеді. Кез келген кейіпкердің бейнесін, ішкі ойын, сезімін көрерменге жеткізу оңай емес. “Мама”, “Қасірет”, “Қарагөз” сияқты спектакльдерде ана, әженің рөлін сомдадым. Қойылымдардағы ананың рөлі бір-біріне ұқсамайды. Әр спектакльдің өзіндік ерекшелігі бар.
– Қарашаңырақ алғаш құрылған жылы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлегі театрға қызметке орналасты. Бүгінде сол алғашқы қарлығаштардың қатары сиреген. Көбі Алматы, Астана қалаларындағы өнер ордаларында қызмет етіп жүр. Сіздерге де өзге қалалардан ұсыныстар түскен шығар?
– Кейінгі жылдары елімізде киноиндустриясы жақсы дамуда. Өзім бір киноға түстім. Өкінішке қарай, сахнадағыдай ләззат алмадым. Сондықтан көп ұсыныстарды қабылдай бермеймін. Театрда біз адамның жанын зерттеп, кейіпкердің бейнесін жан-жақты ашуға тырысамыз. Ал кино әртісі тар шеңберде қалып қояды. Театрды шынайы өнер дейтініміз сондықтан. Біздің басты мақсатымыз – көрерменге рухани азық беру. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленсек, сол үлкен құрмет.
– Бүгінгі күні театр сахнасы жаңашылдыққа бет бұрды. Кәсіби маман ретінде заманауи театр тынысына көңіліңіз тола ма?
– Қазақстанда кәсіби театр халықтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтынан, ойын-сауығы мен ақындар айтысынан, шешендік өнерінен тамыр тартып жетілді. Тарихи даму сатысынан өткен театрларда заманауи көзқарас, жаңашылдық бар. Қазір сахнада ән мен би көрініс тапқан саунд-драмалық қойылымдар көрсетілуде. Яғни, бұл заманауи бағытты ұстанған режиссердің өзіндік қолтаңбасы болып саналады. Бірақ онда көрермен актердің жанын көре алмайды. Адам театрға рухани нәр алу үшін барады. Сахна – кейіпкердің шынайы бейнесін көрсететін айна. Осы жағынан алып қарағанда кемшін түсіп жатқан дүниелер аз емес.
– Сіздің түсінігіңізде әйел бақыты немен өлшенеді?
– Әрбір нәзік жан бақытты болуға лайық. Бақыт ұғымын адамдар әр қилы түсінуі мүмкін. Ең алдымен, мен отбасын құрып, сәби сүюді бақыттың бастауы деп ұғамын. Адам ұрпағымен мың жасайды. Сондықтан әйел болған соң дүниеге сәби әкеліп, ұрпақ тәрбиелеу – асыл міндет. Өмірімнің мәні Бегімай, Нұрсұлтан, Бексұлтан атты балаларым – басты байлығым. Өнерімді түсінетін, мені әрқашан қолдайтын Құдай қосқан қосағым, өмірімнің нұры балаларым бар мен бақытты әйел, анамын. Бүгінгі күніме шүкір деймін. Қолда барға қанағат етемін. Балапандарымның рухани байлықтан сусындап өскендеріне мән беремін. Жалпы, әр адам барды бағалауы керек. Түсінген адамға сол бақыт емес пе?
– Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?
– Өнердің ыстығына күйіп, суығына төзген аз-кем уақыттың ішінде актер мамандығы бойынша қазақ тілінде жарық көрген әдістемелік құралдардың аз екенін аңғардым. Сахна тілі бойынша жарық көрген бір-екі еңбектен басқа, кітап аз. Болашақта қазақ тілінде кәсіби тұрғыда әдістемелік кітап жазу ойымда бар. Өнер колледжіндегі студенттеріме, яғни болашақ сахнагерлерге тәжірибеден бұрын теорияға көңіл бөлуге кеңес беремін. Өйткені, актер адамның жанын түсінуі керек. Ол үшін бізде әдебиет қоры жеткілікті болғаны жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp