«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІРШІЛІКТІҢ ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әйелдер қауымын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, демографиялық өсіміне үлес қосқан нәзік жандар мен көпбалалы аналарды марапаттады.

– Әйел – отбасының қазығы ғана емес, мемлекеттің сенімді тірегі. Қай заманда болмасын әйелдер ер-азаматтарға қолдау білдіріп, жауға қарсы бірге күрескен. Есенейге ақыл қосып, парасатымен танылған Ұлпан ана, ғалым Шоқанды тәрбиелеген Айғаным, Ақан сері әнге қосқан Балқадиша аналық пен даналықтың, тазалық пен сұлулықтың символына айналды. Бүгінгі қоғамда да осындай ел алдында жүрген ақ жаулықты аналарымыз аз емес, – деген Құмар Ақсақалов тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі болған аналар қауымына бар жақсылықты тіледі. Елге тұтқа, ұрпаққа пана болған аналарды көпке үлгі етіп, өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген нәзік жандардың еңбегін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиында өңір басшысы атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы көпбалалы отбасыларда тәрбиеленетін әр балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 20789 теңгені құрайтынын айтты. Мұндай қолдауға біздің облыста 6700 бала ие болмақ. Мереке қарсаңында мемлекеттік наградалармен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін бірреттік әлеуметтік көмек көлемін екі есеге ұлғайту туралы шешім қабылданғанын атап өткен жөн болар.
Бүгінгі таңда өңірдегі түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының арасында әйелдердің үлесі 29 пайызды құрайды, өзге өңірлермен салыстырғанда бізде жауапты қызметке тағайындалған қыз-келіншектердің саны да басым. Мемлекеттік қызметшілердің 63 пайызын әйелдер құрайды. Сондай-ақ, аяулы жандардың 23 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жетекшілік етеді.
Өңір басшысы бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетіп, ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр берген Миргүл Есмағанбетова, Ирина Хмельницкая, Еңлік Саттарова, Ғазиза Сүттібаева, Галина Туралина сияқты көпбалалы аналарға “Күміс алқа” табыс етті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан нәзік жандардың еңбегі де елеусіз қалмады. Түрлі салаларда жұмыс істейтін Айман Елеукина, Любовь Марчук, Меруерт Төлегенова, Роза Жақсыбаева, Анар Елеусізова, Ботагөз Ескендірова, Наталья Шерстова, Светлана Стаценко, Сания Брылева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, бірқатары өңір басшысының Алғыс хатына ие болды.
Жан дүниені жадыратып, жүректерге жылу берген бұл мерекеде аналар қауымына айтылар ізгі ниет пен жүрекжарды лебіз толастар емес. Қыр гүліндей құлпырған қырмызы қыз-дардың, ұрпағымен өмірін мәнді де сәнді еткен аяулы аналардың, жүзінен мейірім төгілген әжелердің құрметіне әсем әннен шашу шашылып, күй күмбірледі.
Облыстық филармонияның эстрада-симфониялық оркестрі, “Sensitive”, “Туған жер”, “Қызылжар”, “Мәңгілік” ән, би ансамбльдері мен Асхат Таушев, Данияр Құстанов, Асхат Ғалеев, Мұхит Ахметов сияқты өнерпаз жігіттер көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
“Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні – әйелде”, – деп ақын Жүрсін Ерман жырлағандай, бұл шарадан әлемнің мәні, шаңырақтың ұйтқысы болған аяулы жандарға қуаныш сыйлаудың өзі бақыт екенін түсіндік.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp