«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ – ПАРЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамды демократияландыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында Қазақстанда өкілетті орган – мәслихаттар құрылған болатын. 1994 жылдың 7 наурызында тұңғыш рет мәслихат сайлауы өткізіліп, 30 наурызда жер-жерде депутаттардың бірінші сессиясы өтті. Содан бері 25 жыл зымырап өте шықты. Осы уақыт ішінде жергілікті мәслихаттағы депутаттық корпус деп аталатын үлкен күш еліміздегі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси реформаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.

Мемлекет басшысының өкілетті органдардың мәртебесін арттыруға бағытталған саясаты жер-жерде тиімді жүзеге асырылуда. Депутаттар қоғамдағы проблемаларды мұқият зерттеп, олардың түйінін шешу үшін тұрғындармен, өкілетті және атқарушы органдар қызметкерлерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрады. Біздің облыстың депутаттық корпусы бұл қызметтің жетілуіне бағытталған бастамаларды көтеріп келеді. Қазіргі уақытта жергілікті өкілетті органдар депутаттары мен Қазақстан Республикасы Парламенті арасындағы өзара қарым-қатынас мәселесі маңызды болып отыр. Парламентте “Nur Otan” партиясының парламенттік фракциясы жанындағы мәслихаттармен және өңірлік саясат бойынша жұмыс жасайтын кеңес құрылды, ол жергілікті өкілетті органдармен қарым-қатынас жасаумен айналыспақ. “Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы” Заңына сәйкес жергілікті өкілетті органдардың өзара байланысы жүзеге асырылады.
Біздің облыста 217 депутат бар. 31-і – облыстық, 19-ы – Петропавл қалалық және 167-сі – аудандық мәслихаттардың депутаты. Осы жылдар ішінде өткізілген сессиялардың, тұрақты комиссия отырыстарының қараған мәселелерін талдай келіп, халық қалаулыларының облыс өмірінің барлық салаларын назардан тыс қалдырмағанына көз жеткізуге болады. Халық қалаулылары өздерінің жұмыстарында сайлаушыларының мүдделерін қорғауды басты міндеттері санайды.
Қоғамды демократияландыру үрдісі барысында мәслихаттардың өкілеттілігі біршама кеңейтілді. Оған аудандық мәслихат депутаттарының ауылдық округ әкімдерін сайлауы айғақ бола алады. Бұл биліктің сайланбалы органының рөлі мен беделін, сайланған әкімдердің мәслихаттар мен тұрғындар алдындағы жауапкершілігін айтарлықтай көтереді.
Мәслихаттар елімізде биліктің бір тармағы болып қалыптасты, осызаманғы саяси демократияның ажырамас бөлігіне айналды. Облыс аумағында олар атқарушы органдармен бірлесіп мемлекеттік саясатты, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.
Жуырда өткен “Nur Otan” партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа әлеуметтік доктринасын жария етті деуге болады. Атап айтқанда, Елбасының әлеуметтік саясатты жетілдіруге бағытталған бастамаларын тарихи шешім деп есептейміз. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ел Президентінің тапсырмаларын орындау үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы іс-шараларға да барлық деңгейдегі депутаттар белсене қатысатын болады.
Депутаттың жұмысы жөнінде әркімнің түсінігі әртүрлі. Бірі оны ауыр десе, енді бірі жеңіл әрі қызықсыз жұмыс деп ойлауы мүмкін. “Сіз неге депутат болдыңыз?” деген сұраққа үнемі: “Адамдарға көмектесу үшін, қолымнан келгенше халықтың жағдайын жақсартуға өз үлесімді қосу үшін”, – деп жауап беремін. Облыс депутаттарының жұмылып жұдырық бола еңбек етуінің нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі дамытуға болатынына сенімдімін. Кез келген деңгейдегі депутат өзі сайланған округтегі сайлаушылармен, ұжымдармен және қоғамдық ұйымдармен үнемі байланыста болуы тиіс. Осы жылдар ішінде біздің халық қалаулылары сайлаушылар сенімінен шығу үшін еңбек етті. Қайырлы Едіресов, Гюлага Илдырымов, Еркін Әбиев, Светлана Кашенцева, Юрий Шоль, Александр Казанцев сияқты халық қалаулылары “Қазақстан мәслихатының құрметті депутаты” төсбелгісіне ие болды. Облыстық мәслихаттың хатшылары болған Ерембек Әубәкіров, Сапарбек Құнанбаев, Қайырлы Едіресов өкілетті органның дамуына өздерінің үлестерін қосты. Бүгіндері облыстық мәслихаттың депутаттары сайлаушыларының аманатын орындау жолында еңбек етуде.
Қазіргі уақытта депутаттар кәсібилігін, жауапкершілікпен жұмыс істей алатындығын толықтай көрсетті деуге болады. Жергілікті өкілетті орган жиырма бес жыл ішінде жетілу жолынан абыроймен өтті дей аламыз. Өзіне жүктелген жауапты міндетті алты шақырылымдағы депутаттық корпус ойдағыдай атқарды. Алдағы уақытта да халықпен, өз сайлаушыларымызбен бірге облыстың игілігі үшін тынбай еңбек ететінімізге сеніміміз мол.


Владимир БУБЕНКО, облыстық мәслихаттың хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp