«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСКЕР ӘЙЕЛ, БІЛІКТІ БАСШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздің өркендеуіне нәзік жандардың қосып отырған үлесі орасан. Жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Рәшида Темірбекованың есімі де облысымызға кеңінен танымал. Уәлиханов ауданының орталығындағы “Нұр” көтерме-бөлшек сауда желісінің директоры – бүгіндері кәсіпкерлік саласында өзіндік орнын тапқан іскер әйел.

– Кәсіпкерлікпен айналысқаныма жиырма жылдан асты. Кез келген ел үшін шағын және орта бизнесті дамыту – өзекті мәселелердің бірі. Себебі, бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға, қаржы нарығын жандандырып, бәсекеге қабілетті орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тұрақтылық пен сенім бар жерде жұмысқа да ешқандай кедергі болмасына көз жеткізіп отырмыз, – дейді Рәшида Мағжанқызы.
1985 жылы Қарағанды қаласындағы кооперативтік институтты тамамдағаннан кейін бойжеткен аудандық тұтынушылар одағы мекемесінде бас есепшінің орынбасары, кейін аудандық экономикалық талдау және болжам бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Рәшида Темірбекова кәсіпкерлік саласында бағын сынап көруге бел буады. Жұбайы Жанбота Махметұлы екеуі 1996 жылы “Нұрлан” атты дүкен ашады. Кәсіпкердің айтуынша, ол жылдары бизнес жүргізудің қиындықтары көп болған. Сауда-саттықпен айналысу тіптен оңай емес еді. Қоғамда саңырауқұлақтай тез көбейген саудагерлер, дұрыс бәсекелестіктің болмауы, елдегі қаржы тапшылығы, сапалы тауарлардың жетіспеушілігі кәсіпкерліктің дамуына көлеңкесін түсіріп жатқан кез болатын. Дегенмен, Рәшида Мағжанқызы барлық қиыншылықтарды жеңе білді, кәсібінің аясын кеңейтудің жолдарын іздеді. 2009-2015 жылдар аралығында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында “Ару” сауда орталығы мен 150 орындық “Дәстүр” мейрамханасын пайдалануға береді. Аталмыш нысандар соңғы үлгіде жабдықталған.
Аудан тұрғындарының сұрауы бойынша кәсіпкер 2014 жылы наубайхана ашты. Бүгіндері мұнда үш маман тәулігіне 400 бөлке нан пісіреді. Ай сайын 10-12 мың бөлке нан аудан орталығы мен жақын маңдағы елді мекендердің дүкендеріне жеткізіледі. Дәмі тіл үйірер ыстық нанға деген сұраныс әрқашан жоғары. Осыған орай кәсіпкер наубайханадағы заманауи пештердің санын көбейтті.
Бүгіндері Рәшида Темірбекова Семейдің цемент, Жамбылдың гипс, Алматының алкогольсіз өнім шығаратын “Обис”, Петропавлдың арақ-шарап және “Ароматика”, Теміртаудың металлургия, Қарағандының сыра зауыттарымен әріптестік орнатқан. Сондай-ақ, жиһаз және кондитерлік тағамдар өндіретін дистрибьютерлік серіктестіктермен де тығыз байланыста. Бүгінгі таңда ісін өрге домалатып отырған кәсіпкердің бес мыңнан астам шаршы метрді құрайтын сауда нүктелерінде тұрғындар сұранысын қанағаттандыратын тауарлардың жүзге жуық түрі сатылады.
Жаңашылдыққа жаны құмар Рәшида Темірбекова жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауды бір сәтке ұмытқан емес. Бүгіндері оның қарамағында жетпістен астам аудан тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңгені құрайды.
Ол қайырымдылық жасауды да ұмытпайды. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп тұрады. Осы және өзге де игі істері үшін Рәшида Мағжанқызының есімі 2009 жылы “Қазақстанның үздік адамдары” энциклопедиялық басылымына енгізілсе, 2009 жылы облыстық байқауда “Үздік кәсіпкер”, ал 2010 жылы “Үздік кәсіпкер әйел” аталымында жеңіске жетті.


Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp