«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗДАРҒА ӘСЕМДІК ЖАРАСАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы қашанда қыз баланы құрметтеген. Жазушы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың “Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл – өмір заңы” деген сөзі бар. Осындай міндеттерді абыроймен атқару үшін аруларымыздың тәрбиелі, ибалы болғаны жөн.

Облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте ұлттың келбетіне баланған қыз бала тәрбиесі ерекше назарда. Мектебімізде қыздар клубы жұмыс істейді. Біз бойжетіп келе жатқан қыздарымызға салт-дәстүрге сай тәрбие беріп, оларды әдептілік, сыпайылық, инабаттылық және мейірімділік тақырыбында ұйымдастырылатын шараларға қатыстырамыз. Ардагер ұстаздармен, аға буын өкілдерімен кездесулер ұйымдастырамыз. Мектебімізде біраз жыл қызмет етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде тер төккен әжелеріміздің кейінгі ұрпаққа айтар кеңесі де, берер ақылы да мол. Әр кездесуде түрлі тақырыптар қозғалып, бүгінгі бойжеткеннің бейнесі мен жүріс-тұрысы жан-жақты талқыланады. Мектебіміздің ардагер ұстаздары Қамиша Нұрмұқанова, Жібек Арықова, Айна Оқасова және тағы басқа ақ жаулықты аналарымыз әр шарамызда мектеп оқушыларына ақыл-кеңесін айтып, оларға білгенін үйретуден жалыққан емес.
Жақында “Қыздарға әсемдік жарасады” атты кездесу өтіп, онда ардагер ұстаз Жібек Жағыпарқызы қыздарға былай деп өсиет айтқан еді: “Басқа ұлттарға қарағанда, қазақ отбасында қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Қазақ халқы үшін қыз бала ардақты, сондықтан оның көңілін қалдырмауға тырысқан, оны мәпелеп өсірген, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осы дәстүр әр отбасында берік сақталса, болашағымыз да нұрлы болмақ!”. Ал мектебімізде көп жылдар бойы технология пәнінен сабақ беретін Райхан Сұрағанова: “Қыз – бүгін ата-анасының мәпелеп өсірген гүлі болса, ертең бір ошақтың иесі. Болашақ ұрпақтың өз қатарынан озары қыз тәрбиесіне тікелей байланысты. Салиқалы анадан саналы ұрпақ туады. Осыны қазіргі жастар ұғыну керек”, – дей келе, қыз балаға тән әсемдікті жоғалтпау қажеттілігін алға тартты. Кездесуде “Қыздың жолы жіңішке”, “Қызды қырық үйден тыю”, “Қыз – ұлт мақтанышы”, “Қазақ қызының бет-бейнесі: бұрынғы және қазіргі заман” атты тақырыптар төңірегінде оқушылар өз ойларын ортаға салды. Белсенді қыздарымыз Қымбат Қадырова, Кәмила Кулекина, Сандуғаш Саматилла кеш қонақтарына ана тақырыбында өлең оқыды.
Әр кездесу сайын әжелеріміз бойжетіп келе жатқан қыздарымызға жат дүниелерге еліктемеу керектігін айтып отырады. Олардың білімді, жаңашыл, халқымыздың салт-дәстүрін берік сақтайтын ару болып қалыптасуларына отбасында ата-ана мен мектептегі ұстаздардың ықпалы зор. Білім ордасындағы клубтың да көздегені осы.


Маржан ИСЕКОВА,  Қожаберген жырау атындағы  №6 орта мектептің педагог-психологі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp