«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛАҒАТТЫ ЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шығыс ғұламасы әл-Фараби: “Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болуы керек”, – деген болатын. Осы сөздерді оқығанда, ойыма сыртқы сұлулық пен жан дүниесінің әсемдігі керемет үйлесім тапқан, өзіме қымбат адам есіме түседі. Ол – аяулы ана, сүйікті жар, қамқор әже және ұлағатты ұстаз Нұржәмила Әлібекова.

Жоғары санатты ұстаз Нұржәмила Баязитқызы Айыртау ауданындағы Карасевка орта мектебінде елу жылдан астам математика пәнінен сабақ берді. Ардақты ұстаз алдына келген әр баланы туғанындай көреді. Күнделікті сабақты оқушылардың көңіл күйін сұраудан бастау арқылы, олардың сабаққа ден қоюына жағдай жасайды. Нұржәмила Әлібекова – шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жан-жақты тәрбиелеп, білім ордасынан үлкен өмірге қанат қақтырып, бүгінде елеулі еңбегінің жемісін көріп отыр. Оның тәжірибесіне, жалпы, өміріне қызығып, аяулы ұстазы туралы ғылыми жоба қорғаған оқушылары да баршылық. Мұғалімнің еңбегі жоғары бағаланғанын да айтып кеткеніміз жөн. Ардақты ұстаз 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған болатын.
Ұстазды біз жас ұрпақтың рухани сәулеткері ретінде қабылдаймыз. Зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытушы тұлға – ұстаз. Ұрпақ тәрбиесі – қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұлы іс. Кез келген қиындыққа шыдай білген адам сол еңбегінің жемісін көреді. Әрі жетістікке жетемін деген ұстазға талмай іздену, маңдай терін төгу керек. Ол үшін ұстаз бойында ұстамдылық, дарындылық, байсалдылық, ізденімпаздық сияқты алуан түрлі қасиеттер болуы маңыз­ды. Бұл қасиеттердің барлығы Нұржәмила Баязитқызының бір бойынан табылады десек, артық айтқандық емес.
Аяулы жанның ұстаздық міндеттерімен қатар келіндік келбеті, аналық бейнесі де сүйсіндіреді. Жұбайы Өміртай Мәкібайұлы екеуінің шаңырақ көтергендеріне биыл елу жыл болды. Ата-анасының тәрбиесін көрген Нұржәмила Баязитқызы өзге босағаны аттаған сәттен бастап ағайын-туыс, дос-жаранның барлығымен бірден тіл табысты. Бөтен отбасыға келін болып түскен ол шаңырақтың шырайын келтіріп, айналасын мейірімге бөледі. Екі ұл мен екі қызды дүниеге әкеліп, өсірді. Ата-әжесінен, ата-анасынан жақсы тәлім-тәрбие, білім алып өскен балалары Еркін, Алма, Анар және Ержанның әрқайсысы бүгінде бір-бір шаңырақтың тұтқасын ұстап, ұрпағын өрбітіп отыр. Ата-ана жолын жалғастырып отырғандары да мақтауға тұрарлық.
Нұржәмила Баязитқызы жайлы айтқанда, оның ақындығына да тоқталып өтпеске болмайды. Туған жеріне, өмірге, жұбайына, балаларына, жақындарына деген сүйіспеншілік сезімдерін ол өлең арқылы жеткізуге тырысады. “Асыл мекен”, “Сұлтаны ол жігіттің бір нар қасқа” атты өлең жинақтары, газет беттерінде жарияланған шығармалары оқырмандардың жоғары бағасына ие. Тіпті, оқушыларға математиканың қиын формулаларын өлең жолдарымен түсіндіреді екен.
Жалпы, Нұржәмила Баязитқызы жайлы небір жақсы сөздер айтсақ, жарасады. Қиындыққа тап болса, мойынсұнбай, жеңе білуі, жанындағы Құдай қосқан қосағын өзінен қашанда биік ұстауы, отбасының ұйтқысын келтіріп, достарына, туған-туыстарына адал болуы – әр қазақ қызының, келінінің, анасының бойынан табылуға тиіс қасиеттер. Ақын-жазушыларымыз жырға қосқан қазақ қыздарына тән тамаша ерекшеліктердің барлығы да мақала кейіпкерінің бойынан табылады. Ұрпағының қызығына бөленіп, алда көрер қызық-қуаныштары ортаймаса екен дейміз.


Рашида СЕЙТАХМЕТОВА.
СУРЕТТЕ: ұлағатты ұстаз Н.Әлібекова мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Хасенова.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp