«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЛЕТТІҢ БЕРЕКЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қарты бар ел – қазыналы ел” деген сөз бекер айтылмаған ғой. Аға буынның кейінгі ұрпаққа айтар тағылымы мен берер тәлім-тәрбиесі қашанда зор маңызға ие. Жуырда Қызылжар ауданының Прибрежное ауылында “Үздік әже” атты байқау өтіп, қарттардың таусылмайтын қазына екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Аталмыш шара барысында ұрпақтар сабақтастығының үзілмегені айқын байқалып тұрды. Бақ сынаған сегіз әженің үлкені – 71, ең жасы 57 жаста болды. Солардың бірі Ирина Величко. Ауыл тұрғындары зейнеткерді сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз ретінде таниды. Осыған дейін мерекелік кештердің сәнін келтірген қария байқауда екі ән орындады. Кеште Шәмші Қалдаяқовтың халық сүйетін әндері де шырқалды. Гүлнұр Нұртазина атақты сазгер Сегіз серінің “Гауһартасын” шырқағанда, оған елең етпеген жан болмады. Қошеметін аямаған көрермен өнерпаздан тағы ән айтып беруін сұрады.
Кеш барысында байқауға қатысушылар он саусағынан өнер тамған ісмер екендіктерін көрсете білді. Ғалия Құлжанова – тоқыма тоқудың шебері. Бие сауып, балдай тәтті қымыз дайындайтын Айтжан Кәрімқызы қазылар алқасы мен көрермендерге бауырсағы мен қымызынан дәм татырды. Ең жас әжеміз Айгүл Арыстанқызы ас әзірлеуде алдына жан салмайтын өнерін паш етті. Оның әзірлеген тәтті тағамдары бәрінің көңілінен шықты. Шара соңында немерелерін ерткен әжелер әңгіме-дүкен құрып, тәтті шай ішіп, көңілді кешті жақсы тілекпен тамамдады.
Кешімізге көрермен болып келген бойжеткендер әжелердің айтқан ақыл-өсиетін зер сала тыңдап, жақсы ой түйді. Ұрпақтар сабақтастығы осындай игі шаралармен беки түскені нұр үстіне нұр емес пе?
!

Зейнеп ТӘНІБАЕВА, зейнеткер.
Қызылжар ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp