«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ ЖЕҢІС, БЕС ЖЕҢІЛІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында волейболдан әйелдер командалары арасында ел біріншілігінің бесінші тур ойындары аяқталды.
Жерлестеріміз бесінші тур аясында жеті кездесу өткізді. Бәсекенің алғашқы үш күні жерлестеріміз павлодарлық “Ертіс-Казхром”, өскемендік “Алтай-2” және алматылық “Алматы” командаларының спортшыларымен сайысқа түсіп, барлығына 2:3 есебімен есе жіберді.

Петропавлдық ұжым бесінші тур аясындағы алғашқы жеңісіне доданың төртінші күні жетті. Бұл күні қызылжарлықтар “Қарағанды” құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті. “Қуаныш” жанкүйерлерін келесі күні де қуантты. Елордалық “Астана” командасымен үш кезеңге созылған кездесу барысында жерлестеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетіп, 3:0 есебімен тағы да жеңіске жетті.
Дегенмен, өткен демалыс күндері жергілікті команданың қарқыны баяулады. 9 наурыз күнгі бәсекеде жерлестеріміз өскемендік “Алтай” командасының спортшыларымен кездесті. Өткен төрт турдың қорытындысында көш бастаған өскемендіктер төрешінің ысқырығы естіле сала ойын тізгінін өз қолдарына алды. Осылайша, петропавлдықтар қарсыластарына үш кезеңде де есе жіберіп, 0:3 есебімен ұтылды.
Сайыстың соңғы күні петропавлдық ұжым Алматы облысының “Жетісу” құрамасымен кездесті. Жерлестерімізге алтайлықтардан кейінгі үздік волейболшылармен тартысқа түсу де оңайға соқпады. Қызылжарлықтар бұл кездесудің бірінші кезеңінде ұтылып, екінші кезеңде он үш ұпай айырмашылығымен алға шыққанымен, бұдан кейін ойын тізгінін уыстарынан шығарып алды. Қарсылас команданың ойыншылары қалған екі кезеңде айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, 1:3 есебімен ұтылған “Қуаныш” жанкүйерлерінің үмітін бұл жолы да ақтай алмады.
Енді жерлестеріміз 2-9 сәуір күндері аралығында Петропавл қаласында өтетін біріншіліктің плей-офф сынында бақ сынайды. Қызылжарлық құрама “Алматы”, “Астана” және “Қарағанды” командаларымен тартысқа түседі.


Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp