«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА — ТОСҚАУЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартуға ерекше мән беру қажеттігін атап көрсетті. “Сапа” – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс.

Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуы керек. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі”, – деген Мемлекет басшысы, электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру қажеттігін тапсырған болатын.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес өткен жылы облыстағы мемлекеттік органдар 4 142 925 мемлекеттік қызмет көрсетсе, соның 90,4 пайызы “e-gov”, “e-license” порталдары және қызмет көрсетушінің ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде көрсетілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылы – 28 пайыз, ал 2016 жылы 19,9 пайыз болғанын ескерсек, мемлекеттік қызметті электронды түрге көшіру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелі екенін көруге болады. Баламалы қызметтер саны 6,6 пайызға өсіп, 277 424-ті құрады. Ал 2017 жылы ол жалпы мемлекеттік қызметтің 21 пайызына тең болған еді.
Келтірілген осы мәліметтерден байқалатындай, электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны артты. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметті алуға айтарлықтай аз уақыт жұмсап, үрдісті жеңілдетіп, әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту болып табылады.
Мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету тұрмыстық жемқорлықтың алдын алуға септеседі. Қызметті көрсетушілер мен алушылардың тікелей байланысын азайту арқылы жемқорлық әрекеттерінің тәуекелі де кемиді. Сондықтан да мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті электронды қызметке көшуге басымдық беруде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылы мемлекеттік қызметтің 80 пайызын, ал 2020 жылы 90 пайызын электронды форматқа көшіру міндетін жүктеген еді. Бұл міндетті жүзеге асыру бағытында оқыту семинарларымен, ақпараттық-түсіндіру дәрістерімен облыстағы барлық ауылдық округтер, еңбек ұжымдары, білім беру мекемелерінің студенттері мен оқушылары қамтылды. Жалпы өткен жылы 773 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталмыш бағыттағы жұмыс биыл да жалғасуда.
Электронды түрде көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыруда электронды-цифрлық қолтаңбаның болуы және оны қолдана білу маңызды. Осыған орай ведомство үстіміздегі жылы “Электронды-цифрлық қолтаңба – әрбір адамға” акциясын өткізуді қолға алды. Ақпан айында аталмыш акция М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде және өңіріміздегі барлық колледждерде өтіп, білім ордаларының 15 мыңға жуық студенті мен оқытушысы қажетті ақпараттарға қанықты.
Мемлекеттік аппарат тұрғындардың қажеттіліктеріне жауап беру үшін барынша ашық әрі қолжетімді болуы керек. Осы орайда департамент мемлекеттік қызмет жәрмеңкесін өткізуді қолға алғанын айта кеткен жөн. Былтыр осындай 22 жәрмеңке ұйымдастырылып, төрт мыңнан астам облыс тұрғыны қатысты.
Қоғаммен өзара байланыс орнатудың жоғарыда көрсетілген амал-тәсілдерінің тиімділігі тәжірибе арқылы дәлелденіп отыр. Сондықтан осы бағыттағы шараларды жалғастырып, электронды форматқа ауысу арқылы тұрмыстық жемқорлықтың алдын алуға тиіспіз.

Индира БӘЖЕНОВА, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp