«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРІКТЕСТІКТЕГІ СЕРПІНДІ ЖҰМЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде шетел нарығына шығарылатын сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға баса мән берілуде. Бұл өңірлердегі сүт зауыттарына серпін беріп, өндірісі тоқтап қалған кәсіпорындардың қайта жандануына жол ашып отыр. Солардың бірі – “Тайынша сүті” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауыты.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында жұмысы тоқыраған зауыт осыдан он бес жыл бұрын қайта іске қосылды. Жергілікті кәсіпкер алдымен қаңырап қалған ғимаратты қалпына келтірді. Кәсіпорынның бүгінгі ахуалы көңіл сүйсінтеді. Осы жылдар ішінде сүт өңдеу зауытының жұмысы жанданып, тұтынушылар аясы қалыптасты.
– Жаңартылған отандық сүт зауытының жұмысы мемлекет қолдауының арқасында қарқын алды. Заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде түрлі шығындар азайып, бәсекеге қабілеттілігіміз артты. Қазір біз ел нарығында өз орнымызды табуға ұмтылыс жасаудамыз, – дейді кәсіпорынның басшысы Олжас Сабазов.
Бұған дейін бәсекеге қабілетті сапалы өнім көлемін арттыру мақсатында кәсіпорынға жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. “Даму” қорының көмегімен зауыт басшылығы “Сбербанк” акционерлік қоғамынан алынған 145 млн. теңге несиеге тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңартып, шикізат қорын толықтырды. Осылайша, шетелдік қондырғылардың көмегімен өнімнің сапасын жақсартып, сақтау мерзімін ұзарту мүмкіндігіне ие болды.
Зауыт басшысы үшін әрбір тұтынушының денсаулығы қымбат. Сондықтан негізінен табиғи әрі сапалы өнімге басымдық береді. Барлық өнім зертхана тексеруінен өткен таза шикізаттан әзірленеді әрі түрлі қоспаларсыз жасалады.
2018 жыл кәсіпорын үшін табысты болды. Былтыр аудан тұрғындарынан 2309 тонна сүт жиналған. Нәтижесінде ақтан 93 тонна сарымай, 110 тонна құрғақ сүт, 3,5 тонна қаймақ, 2 тонна айран, 44 тонна ірімшік пен сүзбе өндірілді.
Зауыт басшысының айтуынша, кәсіпорында шикізат жеткілікті. Сүт аудандағы шаруа қожалықтарынан және тұрғындардан тікелей жеткізіледі. 2009 жылы кәсіпорында ірімшік цехы ашылды. Сөйтіп, тауарлардың легі ірімшікпен толықты. Бүгінде бұл цехта 4 маман тәулігіне 400 килограмм ірімшік әзірлейді. Былтыр кәсіпорын 150 тоннадан астам бұл өнім түрін саудаласа, үстіміздегі жылы көрсеткішті арттыруды көздеп отыр.
– Қазіргі уақытта біздің зауыт тәулігіне 5 тонна өнім шығарып, аудан тұрғындарын өз өнімдерімен қамтып отыр. Арнайы технология бойынша шығарылатын тауарларымызға облыстағы сауда нүктелерінен сұраныс артуда. Астана, Көкшетау, Қарағанды қалалары да қызығушылық танытып отырғанын атап айтқан жөн. Сондай-ақ, өнімдеріміз Ресей Федерациясының шекаралас облыстарына экспортталады. Бұдан бөлек, заманауи құрал-жабдықтар сатып алуды, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта балмұздақ пен құрт өндіруді қолға аламыз, – дейді кәсіпорын директоры.
Күніне 5 тоннаға дейін сүт қабылдайтын мекемеде елуге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда еңбек ететіндердің әрқайсысы өз ісінің маманы. “Бір өкініштісі, жұмысшылардың басым бөлігі зейнет жасындағы адамдар, жастар кәсіпорындарда жұмыс істеуге құлықсыз, – деп қынжылды зауыт басшысы. Қазіргі күні мұнда биотехнология мамандығын меңгерген жас мамандар қажет.
Бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығару арқылы халықаралық сауда нарығына шығуды жоспарлаған зауыттың алға қойған мақсатты жүзеге асыруына мемлекет қолдау білдіріп келеді.

Бердімұрат БАЙМҰҚАНҰЛЫ.

СУРЕТТЕ:  өнімді қаптайтын құрал-жабдық; кәсіпорынның өнімдері.
Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp