«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚСАНДАҒЫ ТОҒАТАЙ АҚСАҚАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы – қариялар
Сиреп бара жатқандай көрінеді”, –
деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырына арқау еткендей, Тоқтар Әутәліпов сияқты баталы қарттардың өнегесі өскелең ұрпаққа үлгі.

Ол 1929 жылы Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылында дүниеге келген.
Торқалы тоқсан жастың төріне көтерілген ақсақал ауылдастарына, ағайын-туысқа “Тоғатай” деген лақап атпен белгілі. Еңбек кітапшасында бір ғана қызмет орны жазылған. Саналы ғұмырында мал дәрігері болып зейнеткерлікке шықты. Жас күнінде әскери қызметкер сияқты галифе шалбар, үстіне плащ, иығына офицердің сөмкесін іліп жүретіні есімізде. Үнемі аттың үстінде жүретін. Әлі де аттан түскен емес. Ауылдың қадірін, туған жердің қасиетін ұғынған ақсақал тірлігі қайнаған қалаға көшуді құп көрмеді. Керісінше, ауылда қалып, тынымсыз тірліктен қол үзбеді. Ауылдағы мал шаруашылығына қатысты барлық мәселені бір өзі шешетін.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары біздің Чапай ауылына Оразбай Шәмшінұров есімді мықты директор келді. Сол тұста ауылда қой шаруашылығы жақсы дамып, ірі қара, жылқы саны көбейді. 1974-75 жылдары комсомол жастардың “Ұшқын” атты шопандар бригадасы құрылып, біздің замандастарымыз оның мүшесі болды. Шаруашылықтың дамуына Тоғатай да өзінің үлесін қосты.
Уақыт шіркін, жүрдек пойыздай зымырайды-ау. Елді мекеннің еңсесін тіктеуге бір кісідей үлес қосқан жайсаң жандар, көлік тізгіндеген қыздар туралы көп естелік айтуға болады. Солардың қатарында ауылдың гүлденуіне атсалысқан Тоғатайдың орны ерекше. Сілеті өзенінің бойында орналасқан біздің ауылда бір жылдары су тасқыны болды. Тұрғындарды табиғаттың тосын мінезінен аман алып қалу үшін еңсерілген әрбір істің басы-қасында тағы да сол Тоғатай жүрді.
Ветеринария саласының қазіргідей дамымаған кезі. Жөнді дәрі-дәрмек те жоқ. Бірақ, ол өзінің білім-білігінің, ақыл-парасатының арқасында кез келген күрмеуі қиын мәселені оңай шешетін. Бір ғана мысал. Малдың көзіне ақ түскенде, ине жіппен көздің бір шетін іліп алады да ұсақ қант себетін. Одан соң малдың көзі тез жазылып кететін еді.
Бүгінде аузы дуалы, сөзі салмақты ақсақалдың жастарға айтар ақыл-кеңесі аз емес. Өмірден түйгені мол, көргені көп қарт өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысуда. Оның тағылымды әңгімесін тыңдаған жастар жаман болмауы тиіс. Үлкенге сыйлы, кішіге қамқор болған осындай азаматтармен біз әрқашан мақтанамыз. Өңін әжім шалса да, әлі қайраты қайтпағанына қуанамыз.
Біз үлкенді сыйлаған дана халықпыз. Ақсақалдардың ақ батасын алу – қазақтың ежелгі дәстүрі. Ауылға барғанда ақсақалға сәлем беріп, амандығын білеміз. Өзі әзіл-қалжыңға жақын адам. Бірде ауылға жолымыз түсіп, үйіне бардық. Сонда: “Тоғатай, малдан құтылдыңыз ба?”, – деп қалжыңдадым. Ол да іркілместен: “Мен құтылдым ғой, бірақ мал менен құтылар емес”, – деді де, ала сиырды нұсқап еді, адамның тілін түсінген жануар иесінің қасынан табылды. Біз бұған таңғалдық.
“Аттан аттың несі артық
Жүрісі мен күші артық.
Ерден ердің несі артық
Ерлігі мен ісі артық!”, – дегендей, өмірі өнегелі Тоғатайдың еңбегіне біз куәміз. Бейнетінің зейнетін көрген ақсақалдың ізін жалғаған ауыл азаматтарының бүгінгі тынымсыз тіршілігіне көңіл қуанады. Елді көркейтіп, мал басын көбейтіп отырған еңбекқор жігіттерге ол әрқашан тілеулес. Тамырын тереңге жайған бәйтерек сияқты ұрпағымен бақытқа кенелген қарттың ұл-қыздары да әулетінің ақылшысын ардақтап, қадір тұтады.

Сұратай ӘЙТІМОВ.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp