«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕГЕНІҢ ТЕРМЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Манарбек Ержанов – қазақ музыка мәдениетінің көрнекті өкілдерінің бірі, бойындағы талантының арқасында әншілік, актерлік, композиторлық өнерді бір-бірімен ұштастыра білген сан қырлы дарын иесі. Халық өнерінің қайнар бұлағынан сусындаған ол қазақ даласын ән-жырға бөлеп өткен Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Әміре, Шашубай сынды әнші, композиторлардың дәстүрін жалғастырып, туындыларының әнсүйер қауымның жүрегінен орын алуына көп еңбек сіңірді. Ол 1901 жылы Қарағанды облысы, Балқаш ауданының Қарабұлақ ауылында туған.

Талантты әнші, шебер күйші, актер, композитор Манарбек Ержановтың қазақ музыкасын өркендету жолындағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол 1936 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, ал 1938 жылы халық әртісі деген құрметті атаққа ие болды. Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен, “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Композитор Манарбек Ержанов әндерінің ішінде музыкалық тілінің әсерлігімен, оралымды үнімен ерекше дараланатыны – Қыз Жібек операсындағы Шегенің термесі. Бұл терме-толғаудың өзіндік тарихы бар.
Қыз Жібек операсын жазу үстінде композитор Евгений Брусиловский Шеге образына лайықты ән үлгісін таба алмай қиналған соң, Манарбекке “Шеге жөнінде ойланып көрсең қайтеді? Білгеніңді ортаға салсаң жөн болар еді”, – деп қолқа салады. Шеге – жастығы басылмаған жалынды ақын, сондықтан оның образын дөп түсіру үшін композитор көп ойланып-толғанады. Әнді айтатын өнерпаздың дауысы бозторғайдың шырылындай тамылжып тұруы тиіс. Әрі композиор қазақтың дәстүрлі әнінің кереметтілігін осы туындысы арқылы жеткізгісі келеді. Осы сәтте Манарбек домбыра пернелеріне қол жүгірте отырып:
Тотыдайын таранған,
Сұңқардайын сыланған,
Сұлу Жібек ар ма екен?!
Құлап түскен қос жылан,
Қолаң шашың иықта,
Бойыңда бір мін бар ма екен?
Қасың, көзің қиылып,
Қудай мойының иіліп,
Ақ маңдайлы, ақша бет,
Жүрекке салмас қалай өрт?
Ақ сабағың үзілген,
Тісің меруерт тізілген,
Бейне бір бетің қар ма екен?!
Ат арытып, тон тозып,
Алты ай жүріп, жол кезіп.
Келіп тұрған алыстан,
Төлегендей мырзаның,
Арманы, сірә, бар ма екен?!
Оу, айналайын Жібекжан,
Айың тусын оңыңнан,
Жұлдызың тусын солыңнан.
Тәңірім жолды аша гөр,
Дұшпанның көңілін баса гөр.
Ұстады сұңқар қолыңнан.
Табылды мұндай мереке,
Ойын-сауық береке.
Жібек деген дауысқа,
Төлеген келді алыстан.
Ау, отырыс болмасын,
Құдаларға барайық.
Барып бәрін салайық.
Жеткенінше мал беріп,
Малмен қоса жан беріп,
Ақ батасын алайық.
Өзге қызық тамаша,
Болады жастар соңынан, – деп шырқап қоя береді.
Осылай жазушы, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов жазған сөз де, әні де поэтикалық, музыкалық тұрғыдан Төлегеннің жан жолдасы Шегенің об­ра­зын жан-жақты ашып береді.
Әрі туындының сәтті шығуына автордың халық әндерін көп білетіндігі, қазақтың салт-дәстүрінен хабары мол болғандығы да әсер етеді. Халықтың ән дәстүрінде шығарылған бұл терменің операда Шегенің өз аузынан шыққандай естілетініне қайран қаласың. Евгений Брусиловскиймен келесі кездесуінде термені нақышына келтіре орындап, әріптесі тарапынан үлкен қошеметке ие болыпты.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,күйші.

СУРЕТТЕ: композитор М.Ержанов.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp