«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАР СУЫН ІШІП ОТЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдың іргесінде орналасқан елді мекен қаңтар айынан бері ауызсусыз отыр. Амалы құрыған тұрғындар қар суын ерітіп ішуге мәжбүр.

Ертеректе темір жол торабы болған ауыл қазір “2603-ші шақырымдағы аялдау бекеті” деп аталады. Шағын ғана елді мекенде 11 отбасы тұрып жатыр. Балалар көрші ауылға барып оқиды. Мектеп, аурухана, дүкен сынды әлеуметтік нысандардың жоқтығына әбден еттері үйренген көпшілік енді ауызсусыз қалды. Үйге қар тасу мұндағылардың күнделікті әдетіне айналған. Татьяна Мищерикова таңертеңнен кешке дейін 20-30 шелек ақ ұлпа жинайды. Мұнымен іс бітпейді, оны ерітіп, бірнеше рет сүзгіден өткізу керек.
– Облыс орталығынан жиырма шақырым қашықтықта тұрамыз. Күніміз үйге қар тасумен өтуде. Бір шелек қардан бір литр ғана су шығады. Кір жуу үшін 2-3 күн бойы қар жинаймын. Суды қайта-қайта сүземін. Қар лас, пештен, паровоздардан шыққан түтіннің бәрі қарға қонады, – дейді зейнеткер.
Мүмкіндігі барлар аялдау бекетіне іргелес орналасқан Боровское ауылындағы құдықтан су тасып ішеді. Бір фляга су әкелу үшін адамдар өз өмірлеріне төнген қауіпке де қарамайды. Әрі-бері ағылып жатқан пойыздардың астына түсіп қалмай, темір жолды кесіп өту – нағыз сынақ. Келер жолда ауыр ыдысты рельстен көтеріп өткізуге тура келеді.
– Көрген күніміз осы. Ауылдық округ әкімі келіп, жиын өткізген. Ауылға су тасуды ұйымдастырды. Бірақ әкелген сулары тұзды. Билік басындағылар мәселені “әне шешеміз, міне шешеміз” деген құрғақ уәдемен күн өткізіп келеді. Үш балам бар. Солардың денсаулығына алаңдаймын, – дейді ауыл тұрғыны Айнагүл Ғабдуллина.
Қаңтар айына дейін ауыл тұрғындарын Оңтүстік-Орал темір жолының Петропавл қаласындағы бөлімшесі тіршілік көзімен қамтамасыз етіп келген. Өйткені, бұл ауылда аталған мекеменің қызметкерлері тұрған. Қазір елді мекенде екі жұмысшы ғана қалғандықтан темір жол компаниясы су тасуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп тауып, бас тартқан. Бұл істі жергілікті әкімдік өз мойнына алған. Алайда, әкелген сулары тағамға пайдалану түгіл, кір жууға да жарамсыз болып шыққан. Оның өзі уәде етілген 10 күнде бір рет емес, араға екі апта салып бірақ жеткізіледі.
– Оңтүстік-Орал темір жолы компаниясының жергілікті бөлімшесі су жеткізіп беруден бас тартты. Енді жергілікті шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бес күнде бір рет су жеткізіп беру жоспарланып отыр. Мәселенің оң шешімі табылады деп ойлаймын. Тұрғындардың қар суын тұтынып отырғанын білген жоқпын, – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Марат Ескендіров.

Эльмира КӘЛЕНОВА.
Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp