«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘПЕК БАТЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының тарихында ұлт ретінде жойылып кету қаупі туындаған ең бір қилы кезең – жоңғар шапқыншылығы екені шындық. Сол заманда найзаның ұшымен, білектің күшімен “қайың сауып кеткен” халықтың рухын көтеріп, еңсесін тіктеген, осылайша, ұлан-байтақ жеріміздің бір сүйемін де жау аяғына басқызбай, аман сақтаған баһадүр батырлар аз болмады.

Олардың өнегелі өмір жолдары, ерен ерліктері жайлы тереңнен толғап жазылған туындылар қазіргі қазақ қоғамына, әсіресе, тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қажеттігі айқын сезіледі. Осы тұста есімдері елімізге белгілі тарихшылардың, ғалымдар мен зерттеушілердің Абылай ханның сенімді серігі болған, Атығай руынан шыққан батыр Жәпек Дәуітбайұлының ғұмырынан сыр шертетін туындылары топтастырылған “Жәпек батыр” атты жуырда жарық көрген кітапты құнды қазына деп айтуға әбден болатындай.
Жәпек батыр – бар өмірін Абылай ханның қасында өткізген тарихи тұлға. Елдің шетіне жау кіріп, халықтың берекесі қашқан аласапыран кезеңдерде қасынан табыла білген. Оған дәлел бола алатын құжаттар еліміздің мұрағаттарында аз кездеспейді. Солардың бір шоғыры кітапта көрініс тапқан. Қазақ халқының бағы үшін тұлпарынан түспей ғұмыр кешкен тұлғаның не ел болып қалу, не бордай тозу мәселесі туғанда жұртшылықты жұдырықтай жұмылуға шақырғаны, ерлік істері – өнеге. И.Ғайып, Т.Қажыбай, Н.Ахат, Б.Қалиева сынды авторлар өз мақалаларында Жәпек батыр Дәуітбайұлының батырлық бейнесін тарихи әрі көркем мысалдар арқылы аша түскен.
Бүгінде Жәпек батырдың алты ұлынан тараған ұрпақтары бабасының есімін ұлықтауда игілікті істер атқарып келеді. Қазіргі уақытта Жәпек батырдың атақонысы Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөлде оның есімімен аталатын көше бар, Жетістік, Қоскөл ауылдарында ескерткіш тас орнатылған. Бұл кітап та ұрпақтарының арқасында жарық көріп отыр. Тарихшы-этнограф Шоқан Уәлиханов, “атақты батыр” деп баға берген Жәпек Дәуітбайұлы жайлы бұл туындының оқырмандар олжасына айналатынына күмәніміз жоқ.


Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp