Табиғатқа жанашырлықпен қарау – әрбір адамның міндеті. Өкініштісі сол, көп адамдар бұған немқұрайдылық танытады. Былтыр Мамлют ауданындағы Глубокое көлінде оттегінің жетіспеушілігі салдарынан 5 тоннаға жуық балықтың қырылғаны әлі есімізде.
Мамандардың айтуынша, бұл оқыс оқиға көл суының таяздығынан және мұз астына оттегі жіберу жұмыстарының дер кезінде жүргізілмеуінің кесірінен орын алған. Сонымен қатар су айдынының ешқандай мекеменің меншігінде болмағаны анықталды.
Булаев орман шаруашылығының қызметкерлері мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы су қоймаларына оттегі жіберу және тазарту жұмыстарын жүргізді.
Қыстыгүні фотосинтез процесін жүргізетін балдырлар оттегінің көзі болып табылады. Аязды күндерi су бетіндегі қар мен қалың мұз күн сәулелерінің түсуіне кедергі келтіреді. Салдарынан балдырларда фотосинтез процесi тоқтап, су қоймасындағы өсiмдiктер өле бастайды. Көп жағдайда балықтар да оттегінің жетіспеуінен қырылады.
Су жануарларын оттегімен қамтамасыз ету үшін мамандар шұңқырларды бұрғылау, мұзды ою шараларын жүргізуде. Сонымен қатар су қоймаларына сорғының көмегімен оттегі жіберілуде.
Шынар БАЙСЫМАҚОВА, Булаев орман шаруашылығының инженері.