«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАҢҒЫ ҚАЗАҚ КӨГІНЕ ӨРМЕЛЕП ШЫҒЫП КҮН БОЛҒАН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың тарихында отызға жетер-жетпес жасында қилы-қилы заманалардағы соқпақтардан қаймықпай, ұлттық рух, елдік мүдде жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп, бірталай жұмыс атқарған, осылайша Алла тағала өлшеп берген қамшының сабындай қысқа ғұмырын елге, жерге деген мәрт махаббатпен, келер ұрпақ ғибрат алатындай сәулелі істермен нұрландырған аяулы тұлғалар аса көп емес.

Мәселен, алаштың айбатынан ат үріккен ардагер ұлдарының бірі Смағұл Сәдуақасовтың небәрі 33 жыл өмір сүріп, ұлтына өшпес еңбегімен ізгі қызмет сіңіргенін біреу білсе, біреу білмейді. Бар болғаны отыз жыл ғұмырында қазақ даласындағы географиялық нысандарға, өзен мен көлдерге, тау мен қыраттарға, сай-сала мен қойнауларға үңіліп, оларды түгелдей дерлік картаға түсіріп, халқымыздың этностық территориясы туралы тарихи құжаттар қалдырған көрнекті ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың еңбектері – тәуелсіз еліміздің территориялық тұтастығын сақтап қалу жолындағы баға жетпес құндылық екені Ай туғандай ақиқат дүние. Бірегей тұлға есімін әлемге әйгілеген атақты “Қашқария сапарын” бар болғаны жиырма жеті жасында жазғаны дүниежүзінің беделді ғалымдарының қай-қайсысын болмасын таңғалдырмай қоймады. Ал небәрі жиырма жеті жыл жасаған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров аз ғұмырында әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосып, “Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөн­бейміз” деген бірауыз философиялық сөзімен өз заманының күрескер тұлғасына айналды. Бір айта кетерлігі, біз әңгімеміздің арқауына айналдырып отырған қазақтың аспанынан аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан арда тұлғалардың үшеуінің де қасиетті Қызылжар топырағынан түлеп-ұшқаны жүрекке мақтаныш сезімін ұялатады. Алаш арыстарының ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өміріне, шығармашылық мұрасына тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Оның сұңғыла талант иесі болғанын атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің:
“Біреуі – Сұлтанмахмұт, алдында өткен,
Қайғырған бұғандағы қазақ біткен.
Екеуі тізе қосып, бас қоса алмай,
Қысқа боп өмір жасы, жедел жеткен”, – деген жыр жолдарынан-ақ аңғаруға болады.
Ақынның 1893 жылдың 28 қазаны күні біздің өңірімізде нақтырақ айтсақ, қазіргі Ақжар ауданындағы Айсары ауылы маңынан онша алыс емес Сазбауыр ағаш деп аталатын жерде өмір есігін ашқанын көп адам біле бермейді. Бұл мәлімет көзі тірісінде журналистиканың жампозы атанған Жанайдар Мусиннің “Жер шоқтығы Көкшетау” атты кітабында да кездеседі. Кітап дерегіне сүйенсек, ол кезде Ақмола губерниясының Омбы уезіндегі Николаев болыстық басқармасына қарасты Сазбауыр шоғын қарауыл руының ағайынды Шабар, Шаншар атты жонжарлары мекендеген. Бірде Шабардың Әнапия атты баласы Баянауылдағы тұрмысы тұралап қалған қайын жұртын қолына көшіріп алуға қам жасайды. Сөйтіп, ағайын-туыстарымен, бәйбішесі Шымпырмен ақыл қоса отырып, бес жүз шақырым жерге ат жіберіп, қайын енесі Мұнтайды, балдыздары Әубәкірді (Шоқпыт), Қожахмет пен Мешелді көшіріп алып келеді.
Әубәкір (Шоқпыт) Шаншардың Жадай деген ұлынан туған немере қызы Зүфнүнді алған екен. Осы Сазбауыр қыстауының баурайында Шоқпыт пен Зүфнүннің тұңғышы Сұлтанмахмұт дүниеге келеді. Осы жердегі нағашы жұрты болашақ ақынның алаңсыз сәби шағының куәсі болды. Тұңғышы үш жасқа келгенде, Зүфнүн қайтыс болады. Осы оқиғадан соң араға үш жыл салып, Шоқпыттың жездесі Әнапия пен апасы Шымпыр оларды Айдабол, Қаржас руына ежелден мекен болған Баянауыл баурайына, атақонысы Торайғыр көліне көшіреді. Ақынды дүниеге әкелген Зүфнүн ананың өз жұртында, яғни Қызылжар өңірінде мәңгілік тыныштық тапқаны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Айсары ауылы маңында туғанын дәттей түседі.
Ақынның өмірімен, шығармашылық мұрасымен мектеп қабырғасында, одан кейін жоғары оқу орнында оқып жүрген кезімізде зерттеушілердің еңбектері арқылы таныстық. Алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алады. 1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша білім іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, “Оқып жүрген жастарға”, “Тәліптерге” (“Шәкірттерге”), “Ендігі беталыс”, “Оқудағы мақсат не?”, “Анау-мынау”, “Мағынасыз мешіт”, “Жарлау”, “Досыма хат”, “Шығамын тірі болсам адам болып”, “Түсімде”, “Жазғы қайғы”, “Қымыз”, “Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты көлемді очеркін жазды. Осы тұста қазақ әдебиетінің бай мұраларының біріне баланған тұңғыш рет өлеңмен жазылған “Қамар сұлу” романын жазуды бастағаны әдебиетсүйер қауымға белгілі.
Қаламгердің осынау ұлан-ғайыр әдеби мұрасы оны қазақ әдебиетінің классиктері қатарына қосты. Күрмеуі қиын қысталаң заманда небәрі жиырма жеті-ақ жыл ғұмыр кешкен ақынның артына осыншама еңбек калдыруы, шығармаларындағы ұлтжандылық рухтың күштілігі, ұлтының бақытты болашағы жолындағы қайтпас күрескерлігі, азаматтық арының биіктігі, дарынының дархандығы өскелең ұрпаққа үлгі. Сұлтанмахмұт Торайғыров – ұлтжанды, өршіл ақын. Шығармаларынан есетін жаңашылдық, еркіндік, еңбексүйгіштік леп оның есімін бүгінге жеткізіп, уақыттың шаңына жұтқызбай алып келеді.
Ақынның өмірі мен шығармашылығын тереңнен толғап зерттеген ғалымдардың бірі – Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақсат Алпысбес. Ғалыммен телефон арқылы тілдескенімізде алаш арысының арғы аталары жайлы зерттеу еңбегін жазып бітіріп, оны жақын арада баспаға ұсынатынын айтты. Ғалым өз зерттеуінде мынадай мәлімет келтіреді: “Сұлтанмахмұттың арғы атасы Құлболды батыр (1540-1630) – Төртуыл одағының рубасы, көсемі болған, есімі шежіре, жыр, дастан, толғауларда айты­лады. Есім ханның тұсында өмір сүрген. Одан Тұлпар, Күлік, Айдабол, Ақбура, Қабылан есімді ұрпақтар тарайды. Олардың әрқайсысы тарихи тұлғалар. Ташкент маңын мекендеп ел қорғаған батыр әрі би болған, ерлігімен, шешендігімен ел аузында сақталып қалған Айдабол жайлы “Айдабол айтқан екен” деген сөз бар. Олар Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерліктерімен көзге түседі. Біразы 1635, 1643, 1652-ші жылдардағы жау шапқыншылығы кезінде қаза табады. Сұлтанмахмұттың ата-бабалары – Құлболды әулие, Едіге би, Торайғыр би және т.б. туыстары Баянтау, Ерейментау, Көкшетау өңірлерінде жерленген”.
Ал аяулы ғалым, марқұм Бейсембай Кенжебайұлының “Сұлтанмахмұт үшін сор кешкен” еселі еңбегінен сұңқаржүрек ақын мұрасының халыққа қайта оралғанын байқауға болатындай. Бұл жайында әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек: “Сұлтанмахмұт үшін де ақын жыр мұрасын қадірлейтін иісі қазақ Бейсекеге қарыздар”, – деп жазады бір еңбегінде. Иә, расында да, Бейсенбай Кенжебайұлы ақын аруағы үшін басын бәйгеге тіккенін, бұл жолда беделге бас имей, ақиқаттан танбағанын, ақынды таныту, тану, ақтау жолында ұлтшыл да, космополит те атанғанын көпшілік біле бермейді.
Б.Кенжебайұлы сонау қырқыншы жылдардың өзінде Сұлтанмахмұт Торайғыровқа ұлт­шыл буржуазия өкілі деп жала жабылған кезеңде ақын мұрасына төніп келе жатқан қауіпті сезіп, оны “Халық ақыны” биігіне көтере бағалаған. Осыдан кейін құтылмас пәлеге қалады. Ол “Сұлтанмахмұт қазақ халқының ашынған ойын, мұңын, тілегін, аңсаған арманын, асыл сана-сезімін бойына сіңірген, қазақ халқының өмірі мен тұрмысын, әлеуметтік және рухани бейнесін түгел қамтып жырлаған талантты ақын” деген сөзі үшін қудаланған.
Сұлтанмахмұт Торайғыров алғаш­қылардың бірі болып “Алаш” қозғалысының жағына шық­қаны, алашордалықтармен белсенді араласқаны кезінде жабық тақырып болғанымен, қазірде шындық екені дәлелденіп отыр. Ол Алаш көсемдерінің идеяларын қолдайды, оларға арнап өлең жазады. Алаш өкілдері ақын туындылары арқылы өз идея­ларын насихаттайды. Алашорда үкіметінің алғашқы басшылары Ә.Бөкейхановпен, М.Дулатовпен, А.Байтұрсыновпен тығыз қатынаста болды. Қазақтың тәуелсіздігі туралы озық идеяларды қолдады. Оның “Алаш ұраны” өлеңі осы тұста жарыққа шығады. Халқымызды аяулы тұлғаларынан, төл әдебиетінен алыстатқан келмеске кеткен кеңес заманында “Таныстыру” поэмасына “Алашорда басшыларын дәріптейтін шығарма” деген жалған ат тағылса, “Айтыс” поэма­сы байшылдық-ұлтшылдықты қолдайды деп жарияланбады. Б.Кенжебайұлы өзінің зерттеу еңбектерінде ақын шығармаларының елдігімізді дәріптейтін, Алаш арыс­тарын ардақтайтын ұлттық құн­ды­лық екенін айта білді. “Бұл поэма 1917 жылдың күзі мен 1918 жылдың қысында Сұл­танмахмұт Абай елінде болған кезде жазылған. С.Торайғыровтың бұл поэ­маны жазуы кездейсоқ емес. Ақын бұл поэмасында қазақты Алаш қозғалысының өкілдерімен таныс­тырады. Сөйтіп, Алаш зиялы­ларының тарихи галереясын жасайды. “Алаштың” тұлғаларын – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкей­ханов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасұлы, Мұ­қыш Бош­тайұлы, Жақып Ақпайұлы, Райым­жан Мәрсекұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Нәзипа Құлжанова, Нұр­ғали Құлжанов, Шәкәрім Құдайбердіұлын суреттейді”, – деп жазады Б.Кенжебайұлы.
Ақын шығармашылығын филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов те зерттеген. “Уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда түркі дүниесінде заманның суреттерін бағзыда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалардың бейнесі арқылы айқын елестетті. Ол Тұран мемлекетінің атынан дауылпазша қанат қағып, сұңқарша сұңқылдап сөйледі. “Ер түрік ұрпағымен даңқы кеткен, бір кезде Еуропаны тітіркенткен. Кіргені есік, шыққаны тесік болып, Күнбатыс, күншығысқа әмірі жеткен” Ғұн империясының билеушісі, Ұлы дала перзенті Аттиланың қаһармандық істерін мәлімдеді”, – деп жазады ғалым “Сұлтанмахмұт және дін” деген мақаласында.
Бүгінде өлеңімен өшпес із қалдырған поэзия пырағының есімін жас ұрпақтың жадында мәңгі жаңғырту мақсатында елімізде түрлі игі шаралар атқарылып келеді. Соның бірі өзінің аты берілген Павлодар мемлекеттік университетінде халықаралық “Торайғыров оқулары” ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу дәстүрге айналған. Бұрнағы жылы елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана мамандарының бастамасымен “Бір ел – бір кітап” республикалық рухани шарасы аясында ел болып оқу үшін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың еңбектері таңдалғанғанын айта кеткен жөн болар. Былтыр С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада, туған жері – Ақжар ауданында, Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясында “Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып Күн болған” ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай мәдени жиындар ұйымдастырылды. “Алаш идеясының жаршысы” армандап кеткен жер, су, тіл, дін, тарих сияқты құн­ды­лықтарды баян­ды ету бүгінгі қазақ жастарының асыл арманы болуы керек. Ақын ұлтқа қызмет етудің жасқа қарамайтынын өлеңдері арқылы айтып кетті”, – дейді Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясының кітапханашысы Жұпаргүл Ахмедьянова.
Жиырма жеті жасында жарқ еткен жасын ғұмыр үйленіп, бала сүйіп, өмірдің дүниеауи қызығын көруге үлгермеді. Жоғарыда есімі аталған ғалым Мақсат Алпысбестен Сұлтанмахмұттың көзі тірі ағайындары жайлы сұрағанымызда ол: “Ақынның немере інілері мен туыстары өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін өмір сүрген”, – деп жауап берді. Профессор Бейсембай Кенже­байұлының жазуына қарағанда, Сұл­тан­махмұт қайтыс болғанда ақиық ақын Мағ­жан Жұмабайұлы жылап тұрып: “Ала­таудай ақыныңнан айырылдың, қа­зақ, Қанатыңнан қайырылдың, қазақ”, – депті. Қазақтың бақыты жолында мұң кешкен марғасқа тұлғаның жоқтауы оның ұлтын сүйген нағыз Алаштың арысы болғанын дәлелдемей ме?

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp