«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМҒА ОРТА КЕРЕК ТҰҒЫР БОЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда жастар арасында жүрген орта, араласатын адам таңдауға қатысты екіжақты пікір қалыптасқан. Яғни, біреулер жаныңдағы жолдастарың мінез-құлқыңа, жалпы өміріңе ықпал етеді деп ойласа, екіншілері бұл пікірмен келіспейді. Расымен де, орта таңдау қаншалықты маңызды? Мұны жастардың өздерінен сұрап білейік. Назарларыңызға Ғалия Амангелді мен Асқар Мәжиттің арасында өрбіген диалогты ұсынамыз.

Ғалия Амангелді: Адам баласы достарынан және маңайындағылардан үлгі-өнеге алуға бейім келеді. Жан дүниелері ұқсас адамдар араласа жүріп, бір-бірін жақсылыққа не жамандыққа бастайды. Халқымызда “Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа”, “Жаман жолдастан, жақсы дұшпан артық”, “Жолдасың жақсы болса, жолым ұзын деме, жолдасың жаман болса, қолым ұзын деме”, “Жақсы адам жолдасынан белгілі” деген сияқты мақал-мәтелдер де жетерлік. Аталарымыз айтса, қате айтпайды. Демек, ортаңдағы аралас-құралас болып жүргендерге ерекше мән берген абзал. Жақсыны үйреніп, жаманнан жиренген жөн.
Асқар Мәжит: Меніңше, жастардың мінез-құлқына, істеген ісіне жолдастары әсер етпейді. Әрбір адам өзі ақылға салғаны жөн. Оның үстіне жастардың өзіндік ойы, пікірі бар. Иә, досжарандар кеңес беруі мүмкін. Дегенмен, ортасының пікірін елемейтіндер де көп. Мен – сондай жастардың бірімін. Менің тәрбиешім ортам емес, кітап. Кейбір үлкендердің аузынан “Орта көрген” деген тіркесті естиміз. Дегенмен, мұның барлығы – өз ұмтылысымның жемісі.
Ғалия Амангелді: Бүгіндері аулада топтасып, әңгіме-дүкен құрған жастарға қарап, әдептен жұрдай екенін түсінесің. Әрбір адамның мінезі әртүрлі десек те, бұл топтасқан жастардың мінез-құлықтары бір-біріне қатты ұқсайды. Мұндай мысалдар көп. Мәселен, біреу жағымсыз қылық шығарса, екіншісі мұны қызық көріп, қостай кететіні бар. Бұл – барып тұрған әдепсіздік. Ар-ұяттың, тәлім-тәрбиенің таяздығынан неше түрлі келеңсіздіктер орын алады.
Асқар Мәжит: Адам қателікке бой алдырса, оның ортасын кінәлаудың қажеті жоқ. Жастардың әрбір әрекеті – өзінің шын ниетімен жасаған қадамы. Мұны балалықпен, шалалықпен жасалды деп айтуға келмейді. Менің жолдастарымның арасында да түрлі тентектер барын жасырмаймын. Біреуі шылым шексе, енді біреулері спирттік ішімдікке құмар. Бұл үшін оларды сөкпеймін. Өйткені, өздері шешім қабылдайды. Дегенмен, мен оларға еліктемеймін. Жаман әдеттерін бойыма сіңірген емеспін. Демек, менің жүрген ортам маған ешқандай зиянын тигізіп жатқан жоқ.
Ғалия Амангелді: Жолдас деген жанашыр болмаушы ма еді?! Сіздің немкеттілігіңізден жолдастарыңыз келеңсіздікке ұрынып қалса ше? Сөзіме тұздық болсын, жақында менің бір танысым жолдастарының ерсі қылығының кесірінен қиындыққа тап болды.
Асқар Мәжит: Жалпы, достарың өмір бақи жаман болып қалмайды. Хәкім Абай: “Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім”, – деген болатын. Ендеше, адам мінезі түзеледі. Оған уақыт керек.
Ғалия Амангелді: Адамды өсіретін де, өшіретін де ортасы. Жастар дос-құрбыны өз қатарластарыңнан ғана таңдау керек деп қате ойлайды. Осы орайда, “Баламен жолдас болсаң, бала боласың, қариямен жолдас болсаң, дана боласың” деген мақалды еске түсіре кеткім келеді. Көпті көрген қариялардың қасына еріп, ғибратты әңгімелерін тыңдаған жас адаспайды. Сондай-ақ, әдеби орта іздеп жүретін жастар да өнеге көрсетер жандардың қасына топтасқаны жөн. Осындай ортадан ой түйген жастардың азаматтық санасы қалыптасады.

Дайындаған Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp