Жаңғыру мен жаңарудың, береке мен молшылықтың бастауы саналатын, Күн мен Түн теңеліп, тіршілік атаулы шаттыққа кенелетін әз-Наурыз – күллі Шығыс халқына ортақ мейрам. Жыл өткен сайын Ұлыстың ұлы күнінің мәні мен мағынасы артып, тамыры тереңдеп келеді. Еліміздің батыс өңірінде наурыздың 14-і күні амал, яғни көрісу мерекесін атап өту игі дәстүрге айналған. Енді жас пен кәріні игілік пен жақсылыққа жұмылдыратын мерекені еліміздің барлық өңірі тойлауға көшті. Оқырмандарын дәстүрлі құндылықтармен сусындатып отырған “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы да жұмысқа ұлттық нақышта киініп келіп, мерекенің ажарын аша түсті. Бір-біріне жүректен шыққан жылы сөздерін айтып, “Ұлыс оң, ақ мол болсын” деп тілектерін жаудырды.