Қасиетті Қызылжар топырағынан түлеп ұшып, қоғамның түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүрген жерлестеріміз аз емес. “Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды” демекші, артсаң атан түйенің белі қайысар істерді атқарса да, ешқашан міндетсімейтін адамдар бар. Олардың арасында ғылымның биік белесін бағындырған, Айыртау ауданындағы қасиетті Ботай ауылының тумасы, саяси ғылымдар докторы, профессор Әміржан Шалтықовты да атауға болады.
“Soltústik Qazaqstan” газетінің оқырмандары бұл кісінің Ботайдың кім болғаны жайлы, тарихи орынды ашқан Есіләмбек Зікірияұлының өмірі туралы танымдық мақалаларымен таныс. Енді оқырман назарына жақында сексеннің сеңгіріне шыққан ғалымның өзі туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Дәурен Құсайыновтың мақаласын ұсынып отырмыз.
Жылқының күші мен жылдамдығын бірінші игеру мен адам баласының ғарышқа алғашқы сапары арасында қандай байланыс бар? Бұл кездейсоқ емес. Егер жер бетінде бұл қасиетті жануардың адам қолына алғашқы үйретілген орны қазақ жері болса, сонда неге сол жылқының бірінші үйретілген жеріне, яғни Ботай ауылында тұлпардың мүсінін қоймасқа? Сөйтіп, жылқы мен оның қымызы, қазы-қартасын қазақстандық ұлттық бренд қылып, бүкіл әлемге танытпасқа? Әміржан Шалтықовтың соңғы шыққан монографиясында осы мәселелер орынды көтерілген. Ботай бабаның атын жұртқа танытып жүрген, сол бабаның текті бір тұяғы – белгілі ғалым Әміржан Шалтықов. Ботай бабаның жеті ұлы болған. Солардың ішіндегі Сауытбегінен Шәлтік қажы мен Сәлік туады да, Шәлтіктің кіндігінен Сүлеймен жалғыз болады. Сүлеймен бидің төрт ұлының тұңғышы – Есіләм осы Әміржанның әкесі. Демек, ол атақты Ботай қажының бесінші ұрпағы.
Әміржан Есіләмұлы мектеп жасынан өзінің келешек өмір жолын айқындап, алдына өрісті мақсат қоя білген. Бірақ өзінің арманына, мақсатына жету үшін қиындығы мол соқпақтармен жүріп өтуге тура келді. Оның сүйіп оқитын пәндері тарих, әдебиет және жағрапия еді. Көп оқудың нәтижесі жас баланың қиялына қанат бітірді. Екінші жағынан оған ағасы мен жеңгесі де көп ықпал етті деуге болады. Ағасы Бақытжан – тарихшы, ал Ғалия жеңгесі – әдебиетші. Үйдің іші толған екеуінің оқулықтары, жинаған әдебиеттері. Міне, олар Әміржанға рухани азық болды. Мектеп бітіргеннен кейін қайда баратынын шешіп қойған еді. Бірақ оның бұл мақсатын ағасы бұзып жібергендей болды. “Қазір заман өзгерді, келешек ауыл шаруашылығында, сен агроном бол” деп мектеп бітірісімен Алматыға өзі ертіп келіп, құжаттарын ауыл шаруашылығы институтына тапсырды. Ол институтқа түссе де, бұл мамандыққа құлқы соқпады, ағасының көңілін жыққысы келмей, бірінші семестрді аяқтады. Бар ойы келесі жылы ҚазМУ-дің тарих факультетіне түсу. Ол үшін оқып жүрген институтынан шығу жағын қарастырды. Оның ең оңай жолы – бірінші сессиядан құлау. Осы жоспарын іске асырып, Әміржан келесі жылы қалаған университетінің студенті атанып, өз мақсатына бір қадам жақындай түсті.
Университетті 1963 жылы ойдағыдай бітіріп, жолдамамен Көкшетау педагогикалық институтына жіберіледі, бірақ екі айдан кейін оны әскер қатарына шақырды. Онда екі жылдай жүріп, оралғасын бұрынғы орнына бармай, қаладағы облыстық архивке аға ғылыми қызметкер болып орналасты. Ондағы мақсаты – архив материалдарының негізінде Көкше өңірінің тарихын зерттеу. Осында жүріп, Әміржан көптеген ғылыми мақалалар жариялады, аты жұртшылыққа белгілі бола бастады.
Өзінің білімділігінің арқасында сол замандағы әркімнің қолы жете бермейтін партия қызметіне тартылды, яғни қазіргі тілде мемлекеттік қызметке, обкомның лекторлығына шақырылады, “Білім” қоғамының жолдамасымен бұрын да жер-жерде лекция оқып жүргенінің септігі тиді. Оның лекторлық шеберлігінің ерекшелігі – сөзді ұтымды да ұтқыр деректермен сабақтап, аудиторияны бірден баурап, өзіне лезде қаратып алады. Өз ойын қарапайым тілмен тыңдаушыларына түсінікті етіп жеткізе біледі және әр аудиторияның ерекшеліктерін ескеріп, әңгімесін солардың бейіміне қарай құрады. Бұл қасиеттері оны әлі күнге дейін құрметке бөлеп келеді.
Обкомда үш жыл лектор болып істегеннен кейін Алматыға екі жылдық жоғары партия мектебіне оқуға сұранады. Ондағы мақсаты – астанада екі жыл жүріп, белгілі ғалымдармен жүздесіп, аспирантурада сырттай оқу еді. Оның бұл жоспары да жүзеге асты деуге болады, осында жүріп, тиісті үш кандидаттық емтиханды ойдағыдай тапсырды. Бұл оқудан кейін Әміржан үш жыл Ленинград аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Жаңа қызметке қызу кіріскен ол аудан жұртшылығы алдында аса абыройлы болды. Оның еңбегі еленіп, 1976 жылы “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. Қызметі қанша лауазымды болса да, ол өзінің түпкі мақсатын ұмытпады. Сондықтан Мәскеуге оқуға жіберуді өтінді. Мақсат – КОКП орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына түсу. Оған түскендер үш жылдың ішінде ғылым кандидаты дәрежесін міндетті түрде қорғап шығатын. Міне, Әміржанның көздегені де осы еді.
Оқуға түсу бар да, оны ойдағыдай бітіру, көздеген мақсатқа мүдірмей жету бар ғой. Ол үшін адам артына, отбасына алаңсыз болуы керек. Бұл жөнінен Әміржанның айы оңынан туған. Жан жары Жаңыл күйбің тірліктің күллі ауыртпалығын өз мойнына алып, оған берік тірек бола білді. Алматыға оқуға барам дегенде қарсылық білдірген жоқ. Үйленгеніне екі жыл болғанда екі жас сәбиін бағып үйде қалды. Мәскеуге академияға барам дегенде де мақұл деді. Мәскеуге өзі де балаларымен көшіп келіп, жатақханадағы ерінің жұмысына бөгет болмайын деп, қаланың шет жағынан пәтер жалдап, өзі тұрып жатқан үйдің кіреберістерін жуып, отбасын асырады.
Мәскеудегі оқуды бітіргеннен кейін Әміржанның Көкшетауға оралуға мүмкіндігі болмады, себебі, оны Қазақстан Компартиясының орталық комитеті лектор қызметіне шақырды. Сонымен, Әміржанның арманы жартылай орындалды деуге болады. Ендігі негізгі мақсат – докторлық диссертация қорғау. Көп ізденістің нәтижесінде Әміржан Шалтықов саяси ғылымдар докторы атанды, көп кешікпей профессор атағын алды, елімізде кедендік саясат мектебінің негізін қалаушы ретінде де көпшілікке танылды. Айта кету керек, ТМД елдері көлемінде кедендік саясат жөнінен ең алғаш докторлық қорғаған осы Әміржан Шалтықов.
Негізгі мақсатына жеткен оны жоғары оқу орындары өздеріне қызметке шақырды. 1998 жылдан М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында профессор, 2000 жылдан Қазақ қатынас жолдары университетінде кафедра меңгерушісі, ал 2006 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры болып еңбек етіп келеді. Профессор он жылдай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану ғылымы бойынша докторлық және кандидаттық дәреже беру жөніндегі диссертациялық кеңесінің мүшесі болып, жас ғалымдарды даярлауға өз үлесін қосты.
Әміржан Шалтықовтың тарих, саясаттану салаларынан 8 монографиясы, 450-ден астам ғылыми еңбегі бар. Алыс-жақын шетелдерде 100-ден астам еңбегі жарық көрді. Профессор өзінің өнімді ғылыми жолын қорытындылап, 10 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруға дайындық жұмыстарымен айналысуда. Ондағы мақсаты – кейінгі ұрпаққа мұра қалдыру. Өзінің тарихқа әуес немере ағасы Айдарханмен бірге туған ауылы туралы бес кітап жазып шығарды. “Ботай ауылы”, “Ботай баба”, “Ботай ұрпақтары”, “Досан батыр – Ботайдың әкесі”, “Кенжебек – Ботай ұлы” – құнды еңбектер. Оларда өз өңірінің тарихи тұлғаларының, туған ауылының абзал азаматтарының, тұтас бір аймақтың байтақ бейнесі жасалған. Ежелгі өркениет – Ботай тарихының бір тармағы ғана, шаңырақ көтергеніне бір ғасырдан асқан ауылдың басынан нелер өтіп, не кетпеді: келімсектерден жерін қорғау, яғни отаршылдарға қарсы күрес, ақ пен қызылдың айқасы кезіндегі аласапыран, күштеп ұжымдастыру жылдарындағы зорлық-зомбылық, алапат аштық, сұрапыл соғыс уақытындағы жоқ-жітік, жанкешті еңбек – бәрін бастан кешті ғой. Бұл бір Ботайдың ғана емес, мыңдаған қазақ ауылдарының тағдыры. Аталмыш кітаптар арқылы ұмытылып бара жатқан ата-бабаларының есімін қайта тірілтті.
Сонымен бірге, Әміржан Шалтықов “Қазақ зиялылары” атты жинақтың бірінші кітабын шығарып, енді оның екінші кітабын баспаға дайындауда. Жинаққа автордың әр жылдары қазақ зиялылары туралы жазған материалдары кірген. Оның ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық даналығынан бастап, Дінмұхамед Қонаевтың кемеңгерлігі, Еркін Әуелбековтің жігерлілігі туралы мақалалар, министрлер, академиктер, әртүрлі мемлекет және қоғам қайраткерлері, қатардағы мұғалімдер, қызметшілер, т.б. жайында баспасөз бетінде кезінде жарияланған еңбектері енген. Сонымен бірге, жинақта Ботай ауылынан шыққан зиялы қауымның өкілдері туралы жазылған.
Қазіргі уақытта профессордың тағы да бір сүбелі еңбегі баспаға дайындалып жатыр. Ол басқа авторлармен бірігіп жазылған “Қазақ даласындағы саяси ойлардың дамуы” деп аталады. Бұл кітаптың негізгі мақсаты – Ұлы дала төсіндегі мемлекеттер, қазақ ұлты қалыптасқаннан кейін қазақ жерінде саяси ойлардың шығуы және дамуының объективті немесе субъективті себептерін ашып, оның заңдылықтарын талдау болып табылады. Монография үш тараудан тұрады, алғашқы тарауы түрік дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі Қорқыт ата, әл-Фараби, Қашғари, Баласағұн, Яссауи, т.б. саяси ойлары талданады. Одан екінші тарауда біздің автордың үлесіне Асан қайғыдан бастап, қазақ хандары, қазақ билері, жырауларының, зар-заман жылдарының ақын-жырауларының саяси ойлары сөз етіледі. Одан әрі үшінші тарауда Шоқан, Абай, Шәкәрім, Ыбырайдың, Алаш қайраткерлерінің саяси ойлары жалғасады.
Әміржан Шалтықов тек ғалым, ұстаз ғана емес, ол сонымен бірге үлкен насихатшы, саясаткер. Қазір 80 жастың тұғырына келіп қалса да, өзінің байырғы мамандығын үлкен шабытпен жалғастыруда. Ол Алматыдағы Әуезов ауданы әкімдігінің ақпараттық-насихат тобының белсенді мүшесі. Шаһардың қоғамдық өмірінің маңызды шараларына белсене араласады.
Қорыта айтсақ, профессор Әміржан Шалтықов – интеллектуал, ғалымноватор, ой еңбегінің шыңына шыққан шебер насихатшы. Қандай мақтау айтсақ та жарасатын қадірменді ұстазға ел мүддесіне қызмет ете беріңіз деген тілек арнағымыз келеді. Сіз біздің қазынамызсыз, мақтанышымызсыз!
Дәурен ҚҰСАЙЫНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы қаласы.