«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ АЛАМАНЫНЫҢ АЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары облыс орталығында ғана емес, шалғай ауылдарда да спорт қанатын кеңге жаюда. Бұған дейін қазақ күресі мен бокстан бағы жанып келген ауыл баласы енді футбол, волейбол сияқты командалық спорт түрлерін де игеріп, бәсі биік додаларда өңір намысын абыроймен қорғауда. Бұған қоса облысымызда кенже дамыған қысқы спорт түрлерінде де серпіліс бар. Бұған биылғы “Солтүстік – 2019” қысқы спорт мерекесінде көзіміз жетті.

Он үш ауданның өкілдері спорттың сегіз түрі бойынша сынға түскен додада Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрама командасы қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Тартысқа толы кездесуде мүсіреповтіктер осымен үшінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды.
Шынында да, аудан спортшыларының дәстүрлі сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгені байқалды. Бұл сөзімізді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сергей Минин растады.
– Соңғы жылдары кенже дамып келе жатқан қысқы спорт түрлеріне қолдау білдірілуде. Осыған орай ауданымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр аудан спортына бөлінген қаржыға спорт нысандарына күрделі жөндеу жүргізіліп, спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Осылайша, қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік тууда, – дейді Сергей Владимирович.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасыры ішінде бұл аудан спорт саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Аудан аумағында 335 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның iшiнде 57 спорт залы, 5 ату тиры, 190 спорт алаңы, 2 спорт кешенi және жүзу бассейнi бар. Қыста коньки теуіп, хоккей ойнағысы келетіндер үшін 42 қорап орнатылды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі балғындардың шеберлігін шыңдап, аудан спортының дамуына сүбелі үлес қосуда. Былтыр ауданішілік спорттық шараларды өткізуге, нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 113,4 млн. теңге бағытталды.
“Солтүстік”, “Ақ бидай”, “Үміт” спартакиадаларынан ұдайы жеңіспен оралатын спортшылар аудан мақтанышына айналды.
– “Солтүстік – 2019” қысқы спорт мерекесі қарсаңында шайбалы және допты хоккейден, шаңғы жарысынан, шорт-тректен, футзал, президенттік көпсайыстан, коньки жарысынан сайыстар ұйымдастырылды. Үздіктер қатарынан көрінген Шөптікөл, Андреев, Рузаев, Червонный, Разгульное және тағы басқа ауылдық округтердің спортшылары облыстық спартакиада да сенімімізді ақтай білді, – дейді аудандық спорт бөлімінің басшысы.
Әсіресе, ауданның шаңғышылары – Александр Галайда, Виталий Панчурин, Никита Юган, Ілияс Жұманов, Алина Штых, Елена Шевченко, Евгения Иванова, Александра Кожахметова үздіктер қатарынан көрінді. Спортшылар ерлер арасындағы эстафетада топ жарды. Сондай-ақ, шорттрек сайысында 500 және 1000 метр қашықтықта Алексей Быченко жеңіске жетті. Ал Виктор Корель 1000 метр қашықтықта үздік үштікті түйіндеді. Нәтижесінде мүсіреповтіктер командалық есеп бойынша шорт-тректе де көш бастады. Бұл сындағы ерлер арасындағы эстафетада Алексей Быченко, Виктор Корель және Қанат Құсайыновтың жеңіске жетуі жерлестерін қуантқаны сөзсіз. Шайбалы хоккей сайысында да аудан құрамасы тайыншалықтарға ғана жол беріп, екінші орынға жайғасты. Осылайша, хоккейшілер аудан құрамасының ортақ жеңісіне өз үлестерін қосты.
Бүгіндері үздіктердің көшін бастаған ауданда қысқы спорт түрлері бұқаралық сипат алып келе жатыр. Алдағы уақытта шаңғы, коньки үйірмелерінің санын арттырып, балаларды осы спорт түрлеріне баулу көзделуде.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp