«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚШАБАЙДЫҢ ДАНАЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қыпшақ жұртының шешені атанған Бекбау жолдастарымен бірге ел аралап, алдымен Көкшеге келіп оның сұлу табиғатына таңданып, айнадай жарқыраған көлдің ортасындағы Жұмбақтасты тамашалайды. Әрі қарай Қызылжар өңіріне сапарламақ.

Олар көлдің күмістей суының мөлдірлігіне, табиғатының сұлулығына, биік шыңды қуалай өскен қарағайы мен қайыңына таңғалады. Бекбау сал мен жолдастары Көкшенің табиғатына мейірленіп, оның жұпар ауасын жұтады, күміс суына шомылады.
Бурабайдың Хасен қажысы қонақтарды риза қылып, шапан жауып, жөн сілтеп, аттандырады.
Бекбау сал бастаған жігіттер мерейлері өсіп, Жамантауға келіп, Орынбай ақынның үйінде бір апта тынығады. Сауық-сайран құрады. Олардың ендігі сапары – Ақшабай ауылы. Бұл байдың мекені – Есіл өзені баурайында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Қараағаш ауылы. Осы күнге дейін сақталған “Төрекелді”, “Тортіккен”, “Сәуірік кескен”, “Қараағаш”, “Жәпек”, “Балықты”, “Құркөл”, “Шиелі”, “Шоғырмақ”, тағы басқа атаулар сол замандардан сыр шертсе керек. Байдың туыстары және балалары қырық үй болып, ауыл құрған. Айналасын Атығай, Қарауылдың шағын ауылдары мекен еткен. Ақшабайдың отыз мың жылқысы, жиырма мың қойы болыпты. Осы малды 40 үйлі ағайыны бағыпты. Ақшабай араб, түрік, парсы тілдерін жетік білген. Ауылға мешіт салдырып, балалардың сауат ашуына жағдай жасаған.
Сауық-шаттыққа бөленген Бекбау сал күн батар алдында “Балықты” көлінің маңында мал жайып жүрген қойшыларға кез болады:
– Бұл кімнің малы? – деседі.
– Ақшабай байдың малы, – деп жауап береді қойшылар.
– Байларың қонақ түсіре ме?
– Оны бара көрерсіздер!
Күн батуға айналып, көкжиекте қызыл шапақ нұр шашып тұрғанда жолаушылар ауылға тақай бергенде қара қасқа арғымаққа мінген, үстінде тайтері шапаны, қолында асатаяғы бар ақсақалға кездеседі. Жолдастарының алдында келе жатқан Бекбау қарттың алдына барып:
– Ассалаумағалейкүм, – деп сәлем береді.
– Уағалейкүмассаләм, – дейді қарт.
– Бұл қай ауыл? – дейді Бекбау.
– Ақшабай ауылы, – дейді ол.
– Үйлеріне қонақ түсіре ме? – дейді Бекбау.
– Бара көрерсіңдер, – дейді ақсақал.
Қырық үйдің ортасындағы салтанатты үйге қонақтар ат басын тірейді. Оларды байдың төрт қызы мен күтушілері қарсы алады. Қонақтар амандасып, төрге жайғасады. “Үй иесі – отағасы көрінбейді”, – деп бірін-бірі сөзге тартады. Көп кешікпей қолында асатаяғы, үстінде тайтері шекпені бар, манағы қара қасқа арғымақ мінген шал келеді. Бұлар атып тұрып сәлем бермекші болады. Бай қолын сермеп: “Мана амандасып едік қой”, – деп басып тастайды. Қонақтарды қымызбен сусындатады. Бір жылқышыны шақырып алып: “Тасқорада тұрған “Сужұқпасты” әкеліңдер”, – деп тапсырады. Қонақтарға бата жасатып, сойдырады. Ет піскенше, Ақшабай ұл-қызын, ағайындарын жинап сауық-сайран құрады. Қонақтар сый-құрметке риза болады. Жастар жағы Алтыбақан теуіп, қазақтың дәстүрлерін тамашалайды. Ақшабай – сөзге шешен, көптеген тілді білетін жүйрік. Бекбау сал екеуі бірлік, достық, жолдастық, үлкенді сыйлау, имандылық туралы өсиет айтып, жұртты әңгімеге ұйытады. Қонақтарға екі жігіт әрең көтерген, шығыршықты астауға салынған бес жасар семіз биенің мүшелері тартылады.
– Ал, қадірменді қонақтарым, өздеріңе тиесілі мүшелеріңді алыңдар, – дейді бай.
Келген қонақтардың бірінде де пышақ болмайды. Ақшабай өзі кездігін алып, етті турап жеп, бала-шағасына беріп жатып: Қонақтар тоқ көрінеді, етті алып кетіңдер, сорпа беріңдер, – дейді. Қара сорпа ішкен қонақтар, ішектері шұрылдап аш жатады. “Бізді осыншама неге қорлады?” – деп қонақтар байға ренжиді.
Ақшабай бәйбішесін таңалакеуімнен оятып кешеден қалған асты жылытып қонақтарды тамақтандыруын тапсырады. Жолаушылардың алдына кешегі астау келеді.
– Ал, бәйбіше ана тұрған сандықшаны ашып, ішінен сегіз кездікті алып, қонақтардың алдына қой, өздеріне тиесілі мүшелерін алып жесін, – дейді. Ұяттан өле жаздаған серілер төмен қарап, тамақтанады. Қонақтар семіз етке тойып, сорпасын ішіп, қымызына қанады.
– Мен кеше көптің алдында сіздерді ұялтпайын дедім. Қазақ өте сыншыл халық. Біріншіден, мейман өзін зор тұтпайды, екіншіден сәлемді дұрыс беру керек. Үшіншіден, жолға шығарда қойныңда кездігің болуы шарт. Бұл менің сыйым, – деп сегізіне сегіз кездік беріпті. “Ат мінгізуге де, шапан кигізуге де шамам келеді. Бірақ осы тойғандарыңмен барасыңдар! Үлкенді сыйласаң – Құдай сені сыйлайды!” – деген екен.


Рахмет ЖҰСЫПОВ,  еңбек ардагері.
Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp