Халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұлтымызды өзгелерден ерекшелендіріп қана қоймай, тәрбиенің маңызды тетігіне айналды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры беки түскен қазіргі уақытта ұмыт қалған кейбір дәстүрлеріміз қайта жаңғыруда. Солардың бірі – көрісу күні.
Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде саналатын көрісу немесе амал күні ертеден тойланып келеді. “Наурыз” сөзі парсы тілінен шыққаны белгілі, яғни ол “жаңа күн” деген мағынаны білдіреді. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ халқы бұрын жыл басын наурыз демей, амал күні деп атаған. Абай Құнанбаевтың: “Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…”, – деген өлең жолдарының өзінен бұл мерекенің бұрыннан аталып өтілгенін аңғарамыз. 14 наурызда, яғни қар еріп, күн жылына бастаған кезде еліміздің батыс өңірі амал мерекесін тойлауға қамданады. Соңғы жылдары біздің өңіріміз де бұл мерекені жалпыұлттық мейрам ретінде атауға ден қойып отыр. Жетпіс жылға созылған тоталитарлық режімнің кесірінен ұмыт қалған көрісу күні мерекесімен қайта қауышқанымызға өзгелермен қатар біздің ұжым мүшелері де қуанды.
Тарих пен мұрағатты зерттеушілер, аталмыш салада еңбектенетін мамандар қашан да оқиғаның шығу тарихын, оның мән-маңызын білуге асық. 1926 жылы жарыққа шыққан “Бостандық туы” (қазіргі облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті) басылымында педагогикалық институт оқытушысы Қ.Сәлімов Наурыз мерекесінің маңызы туралы кеңінен баяндап, соның ішінде көрісу салтына тоқталады. Автор аталмыш мейрамның сол кездегі түсінік бойынша діни мереке еместігін егжей-тегжейлі талдап берген.
Амал күнінің батыс өңірінде қалай тойланатынын да зерттеп көрдік. Көрісу күнінің тәрбиелік мәні өте зор. Жаһандану заманында осындай игі дәстүрлеріміздің ортамызға оралып, жалпыұлттық мейрам ретінде аталып өтілуі орынды. Мәселен, мереке күні жасы кішілер жасы үлкен адамның үйіне барып, амандық-саулық сұрасады. Көрісу дәстүрі бойынша сәлем беруге шыққан адам міндетті түрде кем дегенде үш үйге бару керек деген ырым бар. Әсіресе, алдымен құдайы көршіге кіріп шыққан жөн. Көрісе отырып, адамдар бір-біріне “Бір жасыңмен!”, “Жасың құтты болсын!”, “Жасың қайырлы болсын!” деп айтуы шарт.
Әр шаңырақ иесі үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. 14 наурыз күнінде таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы тиіс. Әсіресе, қарты бар үйлер ерте оянып, көрісіп шығатын туыстарын, ауыл тұрғындарын күтіп отырады. Көрісу күнінде шаңыраққа ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастарқан жиылмайды. Туысқандар мен ауыл тұрғындары бір-бірімен түске дейін көрісуге тырысады. Әр үй дастарқанын дәмді тағамға толтырып, бауырсақ және жеті шелпек пісіруі дәстүрге айналған. “Ақ мол болсын” деген ырыммен сүттен жасалған тағамдарға басымдық беру осы мерекені тойлау кезінде пайда болса керек. Шаңыраққа сәлем беріп келген әрбір адам сүт тағамдарының дәмін татпай, көріспеген. Көрісуге келгендерге, әсіресе, балаларға үй иесі дастарқаннан дәм ауыз тигізеді.
Амал күнінің тағы бір ерекшелігі, бұл мерекеде ағайын-туыс арасында ренжісіп қалғандар қайта табысады. Көріскен жандар өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Үй иесі осындай ниетпен келгендерді қабақ шытпай, көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарқан жаяды. Біреуден қарыз алғандар болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беруге тырысады. Қауышу рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса бір-бірлерінің беттерінен сүйіп, көріседі. Бұл күні реніш ұмытылып, жайдары жүру керек. Ал сәлем беріп келмеген адамға “Көрісіп шықпады” деп реніш білдіру орынды саналады. Ежелгі заманда қазақ халқы Наурыз мерекесіне бір апта уақыт қалғанда, яғни айдың он төртінші күнінде мал басын санап, түгендеген. Ауыл тұрғындары қыстың аяқталуымен бір-бірін құттықтап, Наурызға дайындықты бастап кеткен.
Ата-бабамыз амал күнінде табиғат түрленіп, тіршілік атаулы оянады деп болжаған. Сондықтан Наурыз мерекесін тойлау осы сәттен бастау алған. Бала кезімізде Наурыз мейрамын дәл бүгінгідей ұлан-асыр тойлаған жоқпыз. Сол кезеңдегі саясат біздерге бұл мерекені кең көлемде, ел болып, тойлатуға мүмкіндік бермеді. Ал бүгінде тәуелсіздігіміздің тізгіні қолымызға тиген шақтан бастап ұлттық мерекелерімізді барша ел болып тойлап келеміз. Ұлт еркіндігі деген осы. Қазақ қашан да тойшыл халық. Қонақжай. Ашығып келе жатқан қонаққа дастарқанын жайған. Сағынып келген ағайынға сыбағасын ұсынған. Міне, осы дәстүрлердің барлығы Наурыздың алғашқы күні – көрісуден, қауышудан басталған. Өскелең ұрпақ осының барлығын білуі керек. Кейінгі буын өкілдерін ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын Наурыз мерекесі аясында тойланатын көрісу дәстүрін кеңінен насихаттау мақсатында облыс орталығындағы білім беру ұйымдарының жастарын Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивіне шақырып отырмыз. Шара барысында қала тұрғындары мен студенттер төс қағыстырып, бір-біріне сәлем береді. Киіз үй құрып, жастар оның шығу тарихымен таныса алады. Бұдан басқа, қонақтарға наурыз көжеден дәм татырып, Қыдыр ата жиналғандарға ақ батасын береді. Амал күнінің қалайша мерекеленетінін сахналық қойылым арқылы көрсетпекпіз.
“Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!” деген тақырыпта көрме әзірледік. Онда архивтік құжаттар мен 1989 және 1991 жылы “Ленин туы” газетінде (қазіргі облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті) жарық көрген Наурыз мейрамы туралы мақалалар мен фотосуреттер орналастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтарына 1991 жылы экранға шыққан “Наурыз” деректі фильмі көрсетіледі.
Назила МҰХАМЕДЬЯРОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві директорының орынбасары.