Қазір Еуропа елдерінде қызылша ауруының көрсеткіші жоғары. Соның ішінде Украина, Сербия, Франция, Италия мен Ресей, Қырғызстан елдерінде де сырқаттар саны басым. Оның басты себебі ретінде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызылшаға қарсы вакцинамен қамту төмен көрсеткішке ие екенін алға тартады.
Біздің елімізді де аталмыш дерт айналып өтпеді. Елімізде қызылша жұқтырған адамдардың 60 пайызын екпе алмаған балалар құрайды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қызылшаға қарсы қосымша 478 мың екпе сатып алу үшін 580,9 миллион теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап 9 айлық балаларға мерзімінен бұрын екпе егу жоспарлануда.
Ал біздің өңірімізде осы аптада қызылша ауруын жұқтырған он сегіз адам тіркеуге алынды. Соның 11-і он төрт жасқа дейінгі бала болса, қалғаны ересектер. Аурудың алдын алу үшін қазір облыста кешенді шаралар жүргізілуде. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіруде. Мемлекеттік мекемелер мен өзге де ұйымдар аурудың алдын алу үшін тиісті ақпаратпен қамтамасыз етілді. Тұрғындар инфекционист дәрігерлер мен эпидемиологтардан кеңес алу үшін 88000808103 телефон нөміріне хабарласа алады.
Екатерина БЕЛОУСОВА, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы.