Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру керек. Қазақстанның ертеңі – білімді, мәдениетті, тәрбиелі ұрпақ. Өңірімізде өнерде де, білімде де, спортта да биік белестерден көрініп жүрген өрендер жетерлік. Солардың бірі – Қызылжар ауданындағы Бәйтерек орта мектебінің оқушысы Самира Абдурахманова.
Самира – өнер мен білімді ұштастырып жүрген алғыр да талантты шәкірт. Ол аудан, облыс және республика көлемінде ұйымдастырылған әртүрлі сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп, мектебіміздің ғана емес, ауданымыздың мақтанышына айналды. Үкілі үмітіміз жақында Білім және ғылым министрлігі мен “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған “Зерде” ғылыми жобалар байқауында облыс намысын қорғап, жеңіске жетті. Оқушы жетістігі әрқашан ұстазын қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Осы орайда мектеп ұжымына қуаныш сыйлаған ұстаздардың еңбегін айтып өту артықтық етпейді. “Қыран бүркіт не алмайды салса баптап” деп Абай атамыз айтпақшы, Самираның жетекшілері – биология мен орыс тілі пәндерінің мұғалімдері Жанат Көпейұлы мен Айгүл Асқарқызы. Олар шәкірттеріне білгендерін үйретуден жалыққан емес.
Мектебіміздің абыройын асқақтатқан Самираның әлі талай белестерді бағындыратынына сеніміміз мол.
Самал ҮМІТБАЕВА, Бәйтерек орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Қызылжар ауданы.