«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН ҚОРҒАУ – АБЫРОЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Себебі, қай мемлекеттің болмасын тыныштығы мен тұрақтылығы оның әскеріне байланысты. Қорғанысы күшті елді жау да, дау да ала алмайды.

Мен Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылындағы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 орта мектептің түлегімін. Облыс орталығындағы өнер колледжінде білім алғаннан кейін әскерге алындым. Қазір Астана қаласындағы Мемлекеттік күзет қызметінің “Айбын” Президенттік полкі №0112 әскери бөлімінде Отан алдындағы қасиетті парызымды өтеудемін.
Ең үздік әскери қызметшілерді бір арнаға тоғыстырған полкке іріктеу қатаң талаптарға сай жүргізілді. Бізге Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Әскери борышымызды жоғары деңгейде атқару үшін барлық жағдай жасалған. Білімімізді жетілдіріп, спортпен шұғылдануға да мүмкіндігіміз мол.
Мен әскери бөлімнің қоғамдық өмірінен шет қалмауға тырысамын. Әскери-патриоттық және мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүремін. Қызметте қол жеткізген жетістіктерім мен үлгілі әскери тәртібім үшін рота және батальон командирлерінің марапаттарына ұсынылдым. Жақында бөлім командирі жауынгерлік қызметті абыроймен атқарып жүргенім үшін ата-анама Алғыс хат жолдады.
Жүрегі ерлікке бейім, Отан үшін от кешуден тайынбайтын жастардың жауынгерлік рухы – қашанда ел тыныштығының кепілі. Әскер кешегі бозбалалардан халқына адал қызмет ететін айбынды ер-азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Батылдық пен жігерлілікті, қажыр-қайратты, ең бастысы, халқы мен Елбасына деген адалдық секілді қасиеттерді бойына жинаған еліміздің қорғандары – айбынды сарбаздарымыз еліміздің бет-бейнесі болып табылады. Біздің әскери бөлімде мемлекетіміздің қауіпсіздігін нығайтып, мерейін асқақтату жолында борышын адал атқарып жүрген сарбаздар аз емес. Қазір әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Қазақ жігіттері Отанымыздың тірегі екенін әрдайым жадыларынан шығармаулары керек.

Аслан ТӨКЕН, сарбаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp