Айтыс – атадан балаға мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Бүгіндері сөз өнерін меңгеруге ұмтылыс танытып жүрген жастар аз емес. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушысы Диас Аяған бірнеше бәйгеде топ жарды. Жақында дарынды жаспен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Диас, жуырда Алматы облысында өткен “Жыр алыбы – Жамбыл” атты республикалық айтыстан жүлделі оралдың. Еліміздің үздік жастары бақ сынаған айтыс жайлы айтып өтсең.
– Алматының іргесіндегі Ұзынағаш ауданында жыр алыбы – Жамбылға арналған бәйгеге еліміздің барлық өңірінен 28 жас ақын қатысқан болатын. Айтыс жоғары деңгейде өтті. Мен додада Қызылжардың намысын абыроймен қорғап, үздіктер қатарынан көрінуге талпындым. “Талаптыға нұр жауар” демекші, ұстаздарымның сенімін ақтадым. Тартысты өткен айтыста Ү.Кәрібаева атындағы және Жамбыл ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне ие болдым.
– Ақындық өнер кімнен дарыды, ұстазың кім?
– Ақындыққа бет бұруыма ұстазым Жанар Әбілова мұрындық болды. Ол маған айтыс өнерінің қыр-сырын 7-сыныптан бастап үйретіп келеді. Кейін әуесқой әнші Дәстен Баймұқановтың шәкірті болдым. Екі жылдың көлемінде Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығының жетекшісі Жарқын Жұпархан мен Аманжол Зағыпар ағаларымның тәлім-тәрбиесін алып келемін.
– Айтыс өнерін меңгеру оңай емес деп жатады. Қалай ойлайсың?
– Айтыс адам бойында ақындық, тапқырлық, суырыпсалмалық, актерлік қабілеттердің болуын қажет етеді. Мен айтысқа күніне екі сағат уақытымды арнаймын. Мықты айтыскер болу үшін көп білім жинақтау керек. Ал барлық білім кітапта екені белгілі. Сол себепті, мен дүлділ айтыскерлердің шығармашылығын сүйіп оқимын. Жалпы, айтыс адамның ерік-жігерін қайрайды. Айтыс өнерінде осалдарға орын жоқ.
– Өзің бағыңды сынаған аламандар туралы айтып өтсең?
– Алғаш рет қасиетті сахнаға 8-сыныпта оқып жүргенде шыққаным әлі есімде. Бұл кезде облыс орталығында қалалық айтыс ұйымдастырылған болатын. Қатты қобалжыдым. Сол жолы қарсыластарымды сөзден ұтып, жеңімпаз атандым. Өткен жылы көктемде шаһарымызда Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған “Жыр жұлдызы Мағжан поэзиясы – ұлттық руханият негізі” атты халықаралық әдеби байқауда “Ақынын ардақтайды Алаш барда” аталымында топ жардым. Сонымен қатар былтыр жазда оқушылар арасында өткен ХІХ республикалық Абай оқуларының жеңімпазы атандым. Бұдан соң “Мен жастарға сенемін” атты аймақтық ақындар айтысында екінші орын бұйырды. Ал Көкшетау қаласында өткен “Бала ақын – жас дарын” атты аймақаралық оқушылар айтысында үздік үштіктен көріндім. Өткен жылдың соңында “Тәуелсіздік – тұғырым” атты облыстық ақындар мүшәйрасында екінші орынды еншіледім.
– Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Өзіңді қандай арман-мақсаттар алға жетелейді?
– Мақсатым – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгеру. Алдағы уақытта да түрлі бәйгелерге қатысып, айтыс өнерінің дамуына үлесімді қосқым келеді. Аты елімізге танымал, айтыстың жілігін шағып, майын ішкен өнер майталмандарымен кездесіп, тағылым алуды армандаймын. Мен Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Аспанбек Шұғатаев сияқты айтыскерлерді үлгі тұтамын. Осы ағаларымның жолын қусам деймін.
Сұхбаттасқан Маржан АҒЫБАЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.