Облыста бірнеше ұйым ветеринарлық қызмет түрлерін көрсетеді. Олардың қатарына ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетi аумақтық инспекциясы, жергілікті атқарушы биліктің ветеринария қызметі және ветеринарлық станциялар кіреді. Халыққа барлығы 11 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Атап айтар болсақ, 6 түрін облыстық ветеринария басқармасы, қалалық және аудандық ветеринария бөлімдері сияқты жергілікті атқарушы органдар көрсетеді.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық, аудандық аумақтық инспекциялары қызметтердің 3 түрі бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, “Мемлекеттік тіркеу, ветеринариялық препараттарға, жемшөптік қоспаларға тіркеу куәліктерін беру”, “Тиісті аумақтағы эпизоотиялық жағдайды бағалауды ескере отырып, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) нысандардың экспортына, импортына және транзитіне рұқсат беру” және “Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) нысандарға ел ішінде және экспортқа шығарарда қолданылатын ветеринариялық сертификат беру” және “Ветеринариялық зертханалар (сынау хаттамалары) беретін сараптама актiлерiн беру”.
2018 жылы 12900 ветеринарлық сертификат берілсе, ветеринарлық рұқсат беру бойынша 840 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жыл бойы 1800 солтүстікқазақстандық біздің мамандардың көмегіне жүгінді. Олардың жұмысына шағым түскен жоқ.
Соңғы жылдары ветеринария саласын цифрландырудың арқасында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны артуда. Бұл өз кезегінде үй жануары мен ауыл шаруашылығы тауарына қажетті рұқсат құжаттарын алу кезінде жеңілдіктер береді. Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету аудандардағы аумақтық инспекцияларда, “Электронды үкіметтің” www.egov.kz және www.elicense.kz веб-порталдары арқылы жүзеге асырылады.
Ветеринарлық рұқсат беру – тұрғындар арасында сұранысқа ие мемлекеттік қызмет түрлерінің бірі. Ол қағаз немесе электронды түрде 7 күннің ішінде беріледі, құжат бір ай уақытқа жарамды. Ветеринарлық сертификат тек ақылы түрде беріледі. Бұл мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға “Ветеринария туралы” Заңның 35 бабы 2 тармағының 6 тармақшасына сәйкес ақылы түрде көрсетіледі.
Бүгінгі күні отандық “ЕАСУ” ақпараттық жүйесінде жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасын Ресейдің автоматтандырылған “Меркурий” және “Аргус” ақпараттық жүйелерімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі уақытта екі тараптың қатысуымен семинар-кеңестер мен тренингтер өткізілуде. Сондай-ақ, аудандық бөлімшелерде ішкі аудит шаралары қолға алынуда.
Марат ЫБЫРАЕВ, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетi аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары.