«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ ЖАНЫНА НҰР ҚҰЙҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. “Ұстазды алтын діңгекке теңер едім”, – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы, ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты.

Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. “Жақсы адам – Алланың нұры” дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, жасампаздық пен шығармашылық, сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен көзге түсіп, сондай-ақ, өзгелерге қолдау көрсете білген, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төккен ұстаздардың бірі марқұм Шәкен Мұстафина дер едім.
Шәкен Қабашқызы Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында 1929 жылы наурыз айының он бірінші жұлдызында туған. Жастайынан қиындықты көп көрген Шәкен апай өмірдің сынағынан абыроймен өте білген жан. Бала кезінен кітап оқуға деген құштарлығы, есейе келе оны ұстаздық жолды таңдауға жетеледі. Қайратты мінез бен еңбекқорлығының арқасында құрыштай шынығып, болаттай берік болып өседі.
1946 жылы Шәкен Қабашқызы Марьевка орта мектебінің сегізінші сыныбын үздік бітіріп, облыс орталығындағы педагогика училищесіне орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығына түседі. Бұл сол кездегі білім беру дәрежесінің тереңдігімен Қазақстанда танымал арнаулы оқу орнының бірі болатын.
Тағдырдың сынағы, түрлі қиыншылықтар білім алып жүрген кездерінде де көп болады. Дегенмен, болашаққа деген сенім бүкіл ауыртпалықтардың бәрін мойымай жеңіп шығуға септігін тигізеді. Петропавл педагогика училищесін үздік аяқтаған Шәкен апай Марьевка орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай жалындаған жас ұстаз Октябрь аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырылады. Соғыстан кейінгі жылдары сауатты, білімді жастар қатары аз болғандықтан, ол бойындағы бар күш-жігерін салып, елге еңбек етті.
Жас мұғалімнің іскерлігін, білімпаздығын байқаған белгілі ұстаз, жазушы-ғалым Сейтен Сауытбеков тиісті орындардың келісімін алып, Шәкен Қабашқызын өзі басқаратын Балуан сегізжылдық мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі етіп шақырады. Ол осы мектепте қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек етті. Осынау қиындығы мен қызығы көп ұстаздық жолды таңдаған Шәкен апай бір мектепте қызмет атқарып, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды.
Ұстаздық жолында ол Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, мектеп директоры Сейтен Сауытбеков, Шәкен Сұрағанов, Қажытай Мұстафин, Науша Есенжолов, Нәби Жағыпаров, Қамбар Ілиясов, Нұржан Байдуллин, Есмағұл Байылов, Қажығали Ақашев сияқты әріптестерімен бірге шәкірт тәрбиеледі. Бүгіндері Астана қаласында бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп жүрген қызы Бақыт Мұстафина да ана жолын абыроймен жалғастыруда.
Шәкен Қабашқызының алдынан тәлім алған шәкірттері бүгінгі таңда егеменді еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Ұлағатты ұстаз өнегесінен нәр алған ұл-қыздар терең білім мен дұрыс берілген тәрбиенің арқасында бірі – кәсіпкер, бірі кенші атанып, Қазақстанның әр бұрышында түрлі салада еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қалдық Бегенов, есімі өңірімізге жақсы мәлім білікті дәрігер Таңсық Күсемісов, ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтар Зікірин сынды шәкірттерінің де жүрегіне жол таба білген еді. Ардақты ұстаз Шәкен Қабашқызы “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері”, “Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі” атақтарын алған, педагогикалық шеберлігі үшін түрлі дәрежедегі дипломмен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапатталған. Ол ұстаз болуымен қатар өз отбасында көп бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана.

Асан АҚЫШЕВ.
Қарағанды қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp