«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРГЕЛДЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адамның басы – Алланың добы” деп жатамыз. Бірақ көп жағдайда, Тәңірдің сынағынан бұрын екі аяқты пенденің сергелдеңіне көп түсетініміз жасырын емес. Қызылжар ауданындағы Прибрежный ауылының тұрғыны, 2-топтағы мүгедек Аманбай Сәдуов 2011 жылы аяғынан айырылып, тағдырдың тауқыметін көргені аздай, бәз біреулердің әуре-сарсаңға салып қойғанына күйінеді. Ол барар жері, басар тауы қалмағаннан кейін көмек сұрап, редакцияға келіпті.

Аманбай Сәдуов пен аудан орталығында тұратын жеке кәсіпкер Қажымұрат Зариповтың арасындағы жер дауы бірнеше жыл бойы шешімін таппай келеді. Оқиғаның мән-жайын басынан бастап баяндайық. Көпшілік Қызылжар ауданы, әсіресе, қала маңындағы елді мекендерде жайылымдық жердің тапшы екенін жақсы біледі. Өзінің малына ауыл тұрғындарының жылқысын қоса бағатын азамат бірнеше жылдан бері әділетсіздіктің азабын тартып келеді. Алдымен 2012 жылы Аманбай Сәдуов басқаратын “Арман” шаруа қожалығының шабындығын біреудің бір табын жылқысы бір түннің ішінде шаңын шығарып, таптап кетеді. Осылай бүгін-ертең шалғы саламын деп отырған шаруа санын соғып қала береді. Осындай бассыздыққа күйінген ол құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініп, өзін қыруар табыстан қаққан адамды сотқа береді. Рас, мәселе тез шешіліп, орнына бірден келе қойған жоқ. Шабындығына бескөлдік Қажымұрат Зариповтың жылқылары түскенін дәлелдеуге екі жыл уақыт кетті. Соттың табалдырығын тоздырып, осы шындықты әзер дәлелдеп шықты. Сот кінәлі тұлғадан 275 мың 604 теңге өндіріп алу жөнінде шешім шығарды. Бірақ бұл Қажымұрат Зариповтың қалтасын қағып, қазанын ортайтатындай қыруар қаржы емес еді. Сондықтан соттың шешіміне оның мұрты да қисайған жоқ десек, артық айтқандық болмас.
Аманбай Сәдуовтің бұл кикілжің осыменен аяқталып, іске нүкте қойылды деп ойлағаны бекер болды. 2016 жылдың сәуір айында кәсіпкер Қызылжар аудандық әкімдігінен қосымша 60 гектар жер телімін сұрап, өтініш жазады. Бірақ өзінің айтуынша, жергілікті атқа мінерлер өтініштің қаралуын сөзбұйдаға салып, уақытты созып жүріп алыпты. Оның астарында не жатқаны кейін белгілі болады. 2016 жылдың қыркүйек айында Аманбай Сәдуов Прибрежный ауылдық округінің әкімдігінен өзі сұрап отырған жердің басқа адамға тиесілі екені жазылған хат алады. Аудандық жер комиссиясы бұл жер телімін Аманбай Сәдуовтен кейін өтініш жазған Қажымұрат Зариповке беріп жіберіпті.
“Мен аудандық жер комиссиясына оған дейін де қаншама рет өтініш жазған едім. Бірақ олар ылғи бос жер жоқ екенін алға тартатын. 2011 жылы Қажымұрат Зариповке біздің ауылдың маңынан бау-бақша өсіру үшін 130 гектар жер бөлді. Ол бұл алқаптың құжаттарын рәсімдеген жоқ. Оған қоса, менің жерімнің шөбін шауып алды. Онымен соттасып жүріп, ақыры жеңіп шықтым. Ал 2013 жылы Қ.Зариповке тағы да 211 гектар жер бөлді. Оны ол бес жыл заңсыз пайдаланып келді”, – деп күйінеді кәсіпкер.
Бүгінгі күні Аманбай Сәдуовті басқа мәселе алаңдатып отыр. Оның шабындық және жайылымының ортасындағы 60 гектар жер Қажымұрат Зариповке тиесілі. Демек, шаруа қожалығының иесі шабындықтан – жайылымға, ал жайылымнан – шабындыққа басқа біреудің, яғни Қ. Зариповтың жерін баспай өте алмайды. Бұрын шаруа қожалығынан артылған жемшөпті ауылдастарына сатып, бір керегіне жарататын еді. Енді сол пайдадан да қағылатын түрі бар. Жылқысын жайып, жаздыгүні ауылдастарына қымыз сататын. Былтыр оны да істей алмады. Екі шаруаның арасындағы жер дауына қашан нүкте қойылатыны белгісіз.
Ауданның атқа мінерлері неге үнсіз отыр? “Кемтар жанды шырылдатпай неге көмек бермейсіздер?” деген көкейіміздегі сауалға жауап іздеп, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Өмірбай Омаровқа телефон шалған едік, ол ауыл азаматтарының біраз жылдан бері қырғи-қабақ болып жүргенінен хабардар екенін айтып, бірақ “Аманбай Садуов пен Қажымұрат Зариповтың дауын сот шешеді, біз олардың мәселесіне араласа алмаймыз”, – деп қысқа қайырды.
Қажымұрат Зарипов болса, өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтып ақталуда. “Сәдуов бұл жердің шөбін сатып, пайда тапқысы келеді. Негізінен ауыл тұрғындарының малын бағады, өзінің қарауындағы жылқылары азын-аулақ қана. Менің 100-ден астам жылқым бар. Сондықтан мен де аудандық жер комиссиясына өтініш жаздым, оның несі айып?” – дейді ол.
Аудандық жер комиссиясының шешіміне наразы Аманбай Сәдуовтің арызы жақында ауданаралық экономикалық сотта қаралды. Судья Әсел Досымова аудан әкімінің орынбасары Өмірбай Омаровтан, жер инспекциясы бөлімі қызметкерінен, комиссия хатшысынан осы мәселеге қатысты жауап алды. Белгілі болғандай, жер комиссиясының бұрынғы төрағасы хатшыға сенім артып, оның дайындаған құжаттарына қол қою барысында мәселенің мән-жайына қанықпаған, істің байыбына бармаған. Сондықтан да Қажымұрат Зариповке жалға берілген алқап Аманбай Сәдуовтің жайылымдық және шабындық жерінің ортасында орналасқанынан хабарсыз.
Арызданушы тараптың адвокаты мемлекеттік қызметшілер өз міндеттеріне жүрдім-бардым қараған дейді. Бұл жөнінде бірнеше деректер де келтірді. Олар, ең алдымен, жер комиссиясына түскен өтініштермен толық таныспаған. Отырысқа комиссияның барлық мүшелері шақырылмаған. Аманбай Сәдуовтің өтінішін уақтылы қарамай, созбаққа салған.
Қардың көбесі сөгіліп, көктемнің төбесі көріне бастады. Шаруалар қыс бойы қамауда ұстаған ірілі-ұсақты малдарын сыртқа шығаратын күн де алыс емес. Сондықтан жылдар бойы бір-біріне алакөз болып жүрген екі кәсіпкердің арасындағы ушыққан мәселенің түйіні қашан, қалай шешілері белгісіз. Өйткені, судья аудандық жер инспекциясы бөлімі мен Қажымұрат Зарипов арасындағы келісімшартты сотта қайта қарау жөнінде шешім шығарды. Бұдан кейін шаруа қожалығының басшысы азаматтық сот істеріне арызданды. Алайда, аудандық жер инспекциясы бөлімі мен Қажымұрат Зариповтың арасындағы келісімшартты жарамсыз деп тану туралы арыз мұнда да қолдау тапқан жоқ. Енді олар бұл істі Қызылжар аудандық сотына жолдап отыр. Бірақ арызданушы тарап олардың мәселесі жергілікті жерде қаралуына үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан өз ойларын ашық білдіріп, облыстық сотқа шағым түсірді. Осылайша, әділдік іздеп шарқ ұрған мүгедек жанның жер дауымен қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмады. Бүгінгі күні сот не айтар екен деп, тағы да алаңдап жүр.

Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp