«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Азаматтардың тәртіп сақшыларына деген сенімін арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында екі апта бойы облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов Петропавл қаласының шағынаудандарында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Полиция ведомствосының басшысымен бірге азаматтарды қабылдауға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко, полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов қатысты.
Жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау шағын аудандардағы мектептерде ұйымдастырылды. Қабылдаудың өткізілетін орны мен уақыты туралы хабарландыру күн сайын әлеуметтік желілерде және БАҚ-та жарияланды. Алғаш рет азаматтарды қабылдау “Instagram” әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде көрсетілді. Облысымыздағы интернет пайдаланушыларының басым бөлігі осы әлеуметтік желіні таңдаған. Облыстық полиция департаментінің аккаунтына 18 мыңнан астам пайдаланушы жазылған.
Қабылдаулар Жұмысшы кенті, “Береке”, Ойқала, 19 және 20-шы шағынаудандарда, сондай-ақ, орталықта орналасқан жеті мектепте өткізілді. Осы шараларға 79 қала тұрғыны келді.
Тұрғындар учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, қылмыстық істердің материалдары, абаттандыру мәселелері бойынша жүгінді. Көктемнің басталуына орай қардың уақтылы шығарылмай жатқанына назар аударғандар да болды. Бұдан бөлек, өңірдің бас полицейіне тұрғындар жеке секторда қаңғыбас иттерді аулау, Гастелло, Ысқақ Ыбыраев, Қазбек Байболов көшелері бойында жаяу жүргіншілер өтпелерінің және жаяуларға арналған жолдардың болмауы, тұрғын үй аулаларында бейнекамералар орнату мәселелерін жеткізді. Көптеген өтініштер қабылдаудан кейін бірден шешілді. Жас полицейлердің жасағы аула маңындағы қарды тазалап, көмек көрсетті. Көші-қон қызметінің мамандары “Береке” шағынауданының тұрғынына туыстық дәрежесін растайтын құжаттарды алуға қолғабыс етті.
Жұмысшы кенті және “Береке” шағынауданы көшелерін жарықтандыру, арықтарды тазалау, қоғамдық көлік аялдамалары жанына құмның себілмеуі, Жұмысшы кентіндегі жол төсемінің мүшкіл жағдайы бойынша барлық өтініштер жазбаша түрде мемлекеттік органдарға жолданды. Қабылдаулардың қорытындысы бойынша Петропавл қаласының әкімдігіне коммуналдық қызметтерге байланысты проблемалық мәселелерді шешу туралы хат жіберілді. Хат “Nur Otan” партиясының облыстық филиалына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін жолданды.
Тұрғындар қабылдауына келген Ж.Хамзина, Г.Кошелева, Х.Сюникаева учаскелік полиция инспекторларының жұмысына алғыс білдірді. Қызмет көрсететін аумақта жұмысты ұйымдастыра білген алты учаскелік полиция инспекторына облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен алғыс жарияланды. Тікелей эфирде интернет пайдаланушылары полицейлерге сұрақтар қойып, жауаптар бірден берілді. Жастар көбінесе жұмысқа орналасу мәселелерімен жүгінді. Кейбір тұрғындар кешке жастар жиналатын орындарды тексеруді сұрады, полицейлердің назарын жаяу жүргіншілер өтпелерінің жоқтығына, бағдаршам орнату қажеттілігіне, шеткі аудандардың аз жарықтандырылған көшелеріне аударды.
– Абаттандыру ережелерін бұзудың әрбір фактісі бойынша қаланың шағынаудандарында тұрғындармен кездесулер, рейдтік іс-шаралар өткізілді. Полицияның жұмысына қатысты мәселелерге оның барысында түсініктеме берілді. Полиция департаментінің басшылығымен өткен бетпе-бет кездесулер тиімділігін көрсетті. Бірқатар арыздар бақылауға алынды. Олар бойынша азаматтарға белгіленген мерзімде жауаптар берілетін болады, – дейді құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Динара Қожантаева.

Нұрбек БАЕКИН, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp