Тайынша ауданындағы Петровка ауылында қабырғалары саманнан тұрғызылған тұрғын үй отқа оранды.
Төтенше жағдай туралы хабар аудандық №17 өрт сөндіру бөліміне 13 сағат 34 минутта түсті. Жақын маңдағы өрт сөндіру бекетінен 4 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға бөлімнің қарауылы жеткенде, баспана жалынға оранып жатты. Дереу жұмысқа кіріскен өрт сөндірушілер үйден 52 жастағы ер адамның мүрдесін тапты.
Өрт 15 минуттың ішінде ауыздықталып, жарты сағатта толық өшірілді. 7 шаршы метрге жайылған от үйдің төбесі мен бір қабырғасын зақымдады. Бүгінгі таңда оқыс оқиғаның себебі мен одан келген шығын көлемі анықталуда.
2013 жылдың сәуір айында да бұл үйде өрт тіркелген еді. Сол жолы төтенше жағдайға үй иесінің мас күйде темекі шегуі себеп болған еді.