«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ ЕДІ АҚЖАРҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр қар көбесі біразға дейін сөгілмей жұртшылықты әбден титықтатқан еді. Еңсесі езіліп жүрген осындай сұрықсыз күндердің бірінде әріптесіміз, Жамбыл аудандық “Ауыл арайы – Сельская новь” газетінің бас редакторы Әсет Мұстафиннің мына жалған дүниеден озғаны жайлы қайғылы хабар жетті.

Ауа райының қабақ ашпауының сыры енді белгілі болды. Табиғаттың өзі тоң мінез танытып, ақжарқын азамат мәңгілікке көз жұмарда аза тұтқан екен-ау?! Иә, ажалдың құрығы ұзын ғой. Ол ел-жұртына қадірлі Әсет Мәлікұлына да аңдаусызда келіп, ауыз салды. Сөйтіп, жетпіс жасқа да жеткізбей оны ортамыздан алып кетті.
Қарапайым халық үшін журналистің орны қашанда бөлек. Өйткені, екінің бірінің сүйегіне сөз сіңбейді. Ойы озық, талғамы терең, көзқарасы қалыптасқан азаматтар ғана шын журналист бола алады. Сондықтан да ел-жұрттың көкейіндегі сөзді айтып, әділдікті ту ететін қаламгерге жұрт ықыласы ерекше болатыны анық. Әсет Мәлікұлы жайдары мінезімен, ешкімнен тайсалмайтын өжеттігімен көпшіліктің жадында қалды. Көзі тірі кезінде еңсере еңбек еткенін аудандық басылымның оқырмандары ұмыта қойған жоқ шығар.
Еліміз Тәуелсіздік алып, “азаттықтың алтын күрек желі ескен” (Қ.Жұмаділов) елең-алаң шақта Жамбыл аудандық “Сельская новь” газетінің жанынан қазақ тіліндегі басылым жарық көретіні жайлы сүйінші хабар жұртшылықты елең еткізді. Содан бері “Ауыл арайы” оқырмандарымен бірге. Қожаберген жырау мен Сегіз сері жұртының “көзі, құлағы һәм тіліне” айналған бұл басылым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудан айныған емес. Сондықтан аудан жұртшылығы “Ауыл арайын” ауызға алғанда, Әсет Мұстафиннің есімі бірге аталады. Өйткені, оның ширек ғасырдан астам уақыт бойы қазақ тіліндегі газеттің жарық көруіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Азаттықтың алғашқы жылдарындағыдай емес, қазіргі таңда қазақ тілінде газет шығаруға билік тарапынан рұқсат алу жеңілдей түсті. Ал ол уақытта мұндай бастамаға қол жеткізудің қаншалықты ауыр болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Әсет Мәлікұлы аудан жұртшылығына осы еңбегімен де қадірлі.
Тимирязев ауданындағы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Жарқын ауылында дүниеге келген оның орысшаны жетік меңгергеніне қызыға қарағандар аз болмады. Сондықтан да оған екі тілде жарық көретін газетті басқару еш қиындық тудырған жоқ. Тағы бір қызығы, оны облысымыздағы журналистердің жасы да, жасамысы да жақсы танитын. Қазақтілді тілшілер орысша қалам тербейтіндерге тосырқай қарайтыны жасырын емес. Ал Әсет Мәлікұлын орыс журналистері де жақын тартып, ілтипат танытып жатқанына талай рет куә болдық.
Әсет Мәлікұлының 1977-1981 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебінде білім алғанын да атап өткен жөн. Ол уақытта бұл оқу орнына екінің біріне жолдама берілмейтін. “Сельская новь” газетінің жас тілшісіне зор сенім артылуы бекер емес. Өйткені, ауданның сол тұстағы атқамінерлері Әсет Мәлікұлының болашағынан зор үміт күтті. Ол өз өмір жолында сол сенім биігінен көріне білгеніне ешкім де қарсы дау айта алмайды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдағаннан кейін мен де еңбек жолымды “Ауыл арайында” бастағанмын. Аудандық газетте аз уақыт қызмет атқардым. Сол күндері Әсет Мұстафиннің өз ұжымында да сыйлы екеніне көзім жетті. Екі газеттің тізгінін ұстаған оның сөзін қарамағындағылар да екі етпейтін. Жастарға қамқорлық танытуға жаны құмар екенін де айтпай кетуге болмас. Талай “сары ауыздарды” газетке қызметке қабылдап, журналистік жолдағы тұсауын кескенін білеміз.
Кейін облыстық “Soltustik Qazaqstan” газетінің табалдырығын аттағанымда ол кісі редакцияға арнайы соғып, қалжағдайымды сұрап тұрушы еді. Жүрген жерін думанға айналдырып жіберетін ақжарқын мінезімен жұртты баурап алатын. Редакцияға бас сұққанда Әсет Мәлікұлының өзінен бұрын бізге дауысы жетіп жататын. Ешкімді жатырқамайтын, үлкен-кішіге қадірлі азаматтың бейнесі жұрт жадында ұзақ сақталары анық. Аузын ашса, жүрегі көрінетін адал азамат болғанын қалай ұмытайық. Ғұмырының соңына дейін басшылық қызмет атқарған оның кеуде керіп, мұрын шүйіргенін де көрмеппіз. Қарапайымдылығы өзінен кейінгілерге үлгі бола алады. Әсет Мәлікұлының көңілі түсіп, жабырқап жүрген сәтін де байқаған емеспіз. Әрине, оның төрт құбыласы тең болды деп айта алмаймыз. Бірақ еш нәрсеге мойымайтын жігерлі жан болғанын енді пайымдап отырмыз. Өмірінің соңында сырқаты жанына батып жүрсе де, редакциядағыларға тіс жарған емес. Аптасына бір мәрте қарашаңыраққа арнайы келіп, көпшілікпен әңгімелесіп кететін ағамыздың соңғы кезде келуі сирей түсті. Біз де алаңдап, телефон шалғанымызда тұтқасын көтермеген еді. Асыл азамат өмірінің санаулы күндері қалғанын анық білген екен ғой.
Қаламгердің еңбегі халықтың құрметімен өлшенеді. Жамбыл ауданының жұртшылығына Әсет Мәлікұлының сөзі өтімді еді. Баспасөзге жазылу науқанында бұған өзіміздің де талай рет көзіміз жетті. Озық ойдың бойтұмары, ғасырға жуық тарихы бар “Soltustik Qazaqstan” газетінің оқырмандарымен өткен кездесулерде көпшілік облыстық басылымды ғана емес, “Ауыл арайын” да міндетті түрде жаздырып аламыз дейтін. Ұзақ жыл редактор қызметін атқарып, басылым жұмысының қыр-сырын меңгерген Әсет Мәлікұлы көпшілік көңілін жығып көрген емес.
Асыл азамат жайлы айта берсе, әңгіме таусылмайды. Ең бастысы, оның соңында отын өшірмейтін ұрпағы, уақыт ілгері озған сайын жарқырай түсетін ізі қалды.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,  “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp