«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАРУДЫҢ БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді. Өзгелерді былай қоя тұрып, көрші орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: “Орыста мейрам көп, қазақта айран көп”.

Біздің қазақ айранға бай болғанмен, мейрамға жарлы екендігі осыдан да көрінеді. Жалпы, мұсылман жұрттарына ортақ жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақта жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз.
Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ жұртшылығы да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, Наурыздың ескіше 9-ында, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз кетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың жанды, жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды.
Тіршіліктің арқауы алдымен тамақ. Дүние жаратқаннан бері жанды-жансыздың бәрінің талас-тартысы, шынын айтқанда, тамақ үшін, күн көруі алдындағы айдап өсіріп жүрген малының амандық, жамандығымен байлаулы. Өнері, кәсібі, зауыты, фабрикасы бар, табиғатты қолданған мәдениетті елдер қыстың қысымын қазақтай көрмейді. Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа Айдың қалай туғанына шейін қазақтың зор мағына беруі әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр не жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса – құт, ауыр болса – жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе.
Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды қалайша мейрам етпесін. Сондықтан бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып, көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып, күлісіп, жанның бәрі дүниеге жаңа келгендей мәз-мәйрам болса керек.
Мұнан бұлай да бұл күнді жыл сайын осындай қуанышпен қарсы алып, ойнап-күліп өткізу үшін қазақ елі ерінбей еңбек сіңіріп, мезгілін өткізбей егін егіп, пішен шауып, күн ілгері қамыңды же. Сонда ғана былтырғы, бұрнағы жылдардай қан жыламай, алдағы Наурыздарды да шын мейрам, шын шаттықпен өткізсең.


Табиғат түрленгенде


Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі.

Ойнаған анау бала,
Көк орай жалын дала.
Егіндік егін еккен
Ұзамай болар жаңа.

Бай, жарлы келген күйі,
Ойын – той ауыл, үйі.
Қой сойып, қонақ асы,
Мырзалық еткен сыйы.

Келіпті жылдың құсы,
Күнде шу көлдің тұсы.
Күн жылы ызғары жоқ,
Жаз шығып кеткен қысы.

Боздаған анау түйе,
Құлындап жатыр бие,
Гүлдеуге бет алып тұр,
Қызарып қызыл шие.

Егінші егін егіп,
Қостанып арба жегіп.
Тыныш жоқ ерте мен кеш,
Еңбекпен азап шегіп.

Ат шауып, тай жарысқан,
Таласып бәйгі алысқан.
Көтерем арық-тұрық,
Жаз шығып жайланысқан.

Ойын-той болып жатқан,
Ел көшіп, онып жатқан.
Жаз шығып, жазғытұры
Анау мал толып жатқан.

Жайнаған терең сайлар,
Ойнаған құлын, тайлар.
Ел қонып, көл жағалай,
Өріске малын айдар.
Гүл өсіп гүл-гүл жайнар,
Бұтақта бұлбұл сайрар.
Тіріліп құрт-құмырсқа,
Жер жүзі быж-быж қайнар.

Сұлу жүр сылаңданған,
Күлімдеп қылаңданған.
Ерініп бір басуға,
Жас талдай бұраңдаған.

Қыдырып жігіт сылқым,
Ерігіп күнде дарқан.
Жеңгесі жылы жүзді,
Ат қойып “кенже қалқам”.

Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі.

Міржақып ДУЛАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp