«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМШІЛІКТЕР АЗ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жанындағы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.

Жиында денсаулық сақтау саласына, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы жылжымайтын мүлікті заңдастыру құқығына қатысты мәселелер талқыланды. Өткен жылдың мамыр айында ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысында тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды көлік жүргізуге үйрету мәселесі қарастырылған болатын. Өйткені, еліміздегі бірде-бір автомектепте, сондай-ақ, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытуға арналған арнайы автокөлік жоқ. Бұл орайда стартап-жобасы аясында екі автокөлік сатып алып, арнайы жарақтандырудан өткізген жас кәсіпкер Сәлімхан Сәбитовтің батыл қадамын атап өткен жөн. Арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеуден өткен көліктер мүмкіндігі шектеулі жандардың арманын жүзеге асыруға дайын. Қазіргі таңда көлік тізгіндеуге құлшыныс танытқан жарымжан жандардың тізімі жасалуда.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге толыққанды араласуы үшін барлық ұйымдар, соның ішінде медициналық мекемелер тиісті жағдай жасауы керек. Облыс орталығындағы “Панацея”, “Митралия”, “Олимп”, “Сонаркардио”, “Дея” сияқты жекеменшік денсаулық ұйымдарында жарымжан жандардың медициналық көмек алуы үшін пандустар орнатылмағаны анықталды.
“Митралия” медициналық орталығының жетекшісі Алексей Митронин қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуде кешенді қайта жабдықтау мәселелері қарастырылып жатқанын жеткізді. Ал медицина саласындағы өзге де түйткілді мәселелерді ортаға салған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов төртінші дәрежелі тәуекел тобына жататын науқастарға жедел медициналық көмек көрсету жайына тоқталды. Оның айтуынша, кадр тапшылығы, автомобиль паркі мен құрал-жабдықтардың техникалық жағдайының нашарлығы жұмысқа кедергі келтіруде. Биыл жаңа көліктер мен құрал-жабдықтар сатып алуға 2 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар отырыста ведомствоаралық жұмыс тобының өкілдері денсаулық сақтау саласына қатысты әлеуметтік желілерде айтылатын шағымдарға да ерекше назар аударды. Жұмыс барысында білікті мамандарды өңірге тарту, медициналық білім беру орындарында студенттерге тиісті жағдай жасау, шағымдардың мониторингін жүргізу туралы ұсыным айтылды.


Айсұлу ОРАЗБЕКОВА, Мемлекеттік қызмет істері  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp