Облыстық полиция департаменті биылғы жылды “Есірткі бизнесімен күрес жылы” деп жариялап, жастар арасында ғасыр індетіне қарсы іс-шаралар ұйымдастыруда. Тәртіп сақшыларының мұрындық болуымен жастар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Қасірет” қойылымын тамашалады.
Оқиға бір отбасы төңірегінде өрбиді. Ортасына сыйлы ерлі-зайыптының жан дегенде жалғыз ұлы есірткінің жетегінде кетеді. Сүйген қызы Тоғжанның жүкті болуы да дерті дендеген жігіттің бетін бері қайтара алмайды. Ұлдарының бұл әрекетіне төзе алмаған ата-ана қайғы жұтып, оқиға соңында көз жұмады.
Қойылым жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың “Нашақор туралы новелла” драмасының желісімен сахналанды.
Жастар мағынасы зор қойылымнан үлкен сабақ алғанын айтады. “Осындай қойылымдарды жиі сахналап, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттаған жөн. Нашақорлықтың нәубет екендігі барлық жерде айтылуы тиіс. Сонда ғана бұл індеттен бойымызды аулақ ұстаймыз деген сенімдемін”, – дейді колледж студенті Мирас Әубәкіров.
Өткен жылы облысымызда есірткі қылмысына қатысты 263 заң бұзушылық фактісі анықталған. Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, есірткіні шамадан тыс тұтынудың 140 фактісі анықталып, соның екеуінде 12 жастағы жеткіншектер жауапқа тартылған. Бүгінде облыста 686 нашақор есепте тұр. Олардың төртеуі – кәмелетке толмағандар.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.