Облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде Наурыз мерекесіне орай “Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні” атты мерекелік шара өтті. Оны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы мен Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің мамандары бірлесіп ұйымдастырды.
Кеш басталмас бұрын №17 мектеп-кешенінің оқушыларына амал күнінің маңызы жайында айтылды.
Мерекелік шара барысында оқушылар төс қағыстыру салтын көрсетті. Сондай-ақ, амал күніндегі сәлем беру дәстүрін де паш етті. Киіз үй тігіліп, жастар оның шығу тарихымен таныса алды. №17 мектеп-кешенінің мұғалімі Алина Ширина “Атамекен” әнін шырқады.
Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледждің оқытушысы Гауһар Мұстафина шеберлік сыныбын ұйымдастырып, киізден бұйымдар жасау техникасымен таныстырды. Аталмыш колледждегі сәндік-қолданбалы өнер үйірмесінде бүгінде жиырмаға жуық бойжеткен кесте тігуден, киіз басудан шеберліктерін шыңдауда. Шара барысында 3-курс студенттері Мәдина Қасенова, Жамал Сман мен Мария Трукова үйірмеден біліп-үйренгендерін жұртшылық назарына ұсынды.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.