Мамлют ауданындағы Становое ауылдық округінің әкімі мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Рахымжан Әбденовтің қызметтік міндетіне салғырт қарауынан Афонькино ауылының жолдары жөндеусіз қалған. Әкімнің ісі әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.
Өткен жылдың шілде айында ауылдық округ әкімі аппаратына Афонькино ауылындағы жолдарға жөндеу жүргізу үшін 858 мың теңге бюджет қаражаты бөлінген. Мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартқа сәйкес жөндеу жұмыстарын “Сүлейменова А.Т.” жеке кәсіпкерлігі атқаратын болған. Бір атап өтерлігі, бұл кезде ауыл әкімдігінде есепші болмаған. Сол себепті, шенеунік Мамлютка қаласында тұратын өзге бір маманнан көмек сұрапты. Бірақ онымен ресми түрде жұмысқа орналасу туралы келісімшарт жасалмаған.
Ол жолдарды жөндеуге бөлінген қаражатты “Сүлейменова А.Т.” жеке кәсіпкерлігінің есепшотына әкімге айтпай уақытынан бұрын аударып жіберіпті. Ал мердігер жұмысты орындамаған. Әкім бұл жайлы 1 тамыз күні білсе де, кәсіпкерге қатысты қандай да бір шара қолдануға асықпаған.
– Келісімшарт міндеттеріне сәйкес жөндеу жұмыстары шілде айының соңына дейін орындалуы тиіс еді. Алайда, мердігер ауылға қыркүйек айында бірақ келді. Жолдарға жөндеу жасалмағанын көріп тұрып, тиісті шараларды қолданбадыңыз. Жауапсыз кәсіпкерді сотқа беру қажет еді, – деді департамент басшысы – әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Елена Степаненко ауылдық округ әкіміне.
Департамент басшысының айтуынша, қызметтік тергеу барысында заңсыз бухгалтерлік қызмет атқарған тұлға шенеуніктің нұсқауымен жұмыс істегенін айтқан. Сондай-ақ, ауыл әкімі сотқа қазан айының орта кезінде ғана жүгінген. Осылайша, кеш те болса, сот “Сүлейменова А.Т.” жеке кәсіпкерлігінен мемлекет пайдасына барлық шығынды және 60 мың теңге айыппұл өндіріп алған. Ал Афонькино ауылының жолдары шенеуніктің салғырттығынан жөнделмей қалды. Кеңес мүшелері аудан басшысына ауылдық округ әкімін жұмыстан босату жөнінде ұсыныс жасады.
Әдеп кеңесі отырысында Аққайың ауданындағы Астраханка ауылдық округінің әкімі Айгүл Жүнісбаеваға қатысты да тәртіптік іс қаралды. Қызметтік тергеу материалдарына сүйенсек, шенеунік өткен жылы күзде алқабында картобы жиналмай қалған Астраханка ауылындағы кәсіпкерлердің біріне көмектеспек болады. Бірақ бұған жұмыссыз тұрғындарды емес, жергілікті мектептің мұғалімдерін жұмсауды жөн көрген. Мектеп директоры сейсенбі күнгі сабақты сенбіге ауыстырып, ұжым мен бір оқушыны алқапқа жөнелткен. Яғни, округ әкімі жұмыссыздарды ақшадан қаққан әрі мектеп қызметіне заңсыз араласқан. Бұл үшін аудан әкімі оған былтырғы желтоқсан айында сөгіс жариялапты. Дегенмен, мұғалімдер мен оқушының тарапынан ешқандай шағым түспеген. Кеңес мүшелері негізгі қателікті білім мекемесінің режімін бұзған мектеп директоры жасағанын айтып, оны жауапқа тарту жөнінде облыстық білім басқармасына хат жолдауды ұсынды. Ал Айгүл Жүнісбаеваға қатысты тәртіптік істі тоқтату керек деп шешті.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.