«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“SMART CITY” — ЗАМАНАУИ ЖОБА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында облыс орталықтарын алдағы уақытта смарт қалаларға айналдыру қолға алынды.

Мемлекет басшысының сандық технологияны енгізу бойынша тапсырмасы Петропавл қаласында да сәтті іске асырылуда. Астана мен Алматы қалаларының тәжірибесіне сүйене отыра, “Smart Petropavl” тұжырымдамасы жасалды. Ол көпшілік үшін қалалық ортаны қолжетімді және қолайлы ету мақсатында білім беру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, денсаулық сақтау секілді негізгі салаларды қамтиды. Бүгіндері облыстың білім беру саласында төрт жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, былтыр Петропавл қаласында “Smart балабақша” қанатқақты жобасы қолға алынды. Нақтырақ айтар болсақ, 12 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қызметі толығымен автоматтандырылған, яғни білім беру, тамақтандыру, баланың денсаулығы, қауіпсіздігі секілді бағыттар қамтылған. Аталмыш жоба қаламызда сынақтан сәтті өтті. Биыл тағы да 15 балабақшада жүзеге асырылатын болады. Сөйтіп, облыс орталығындағы барлық мектепке дейінгі білім беру мекемесі сандық технологияға көшпек.

Былтыр “Интегро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Сафуан Шәймерденов атындағы классикалық гимназияда “Smart мектеп” жобасын енгізген еді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеген жоба бақылау және басқару жүйесі, бейнебақылау, “Е-асхана” және “Е-кітапхана” модульдерімен қамтылған. Тиімділігі дәлелденгеннен кейін қанатқақты жоба №8 орта мектепте, “БЭСТ” және қазақ мектеп-гимназиясында, бірінші жалпы білім беретін лицейде енгізілді.
Енді басқарудың заманауи жүйесіне сәйкес әрбір оқушының ғимаратқа кіріп-шыққан уақыты ата-аналарға “push” хабарламасы арқылы белгілі болады. Аталмыш модуль мектепке кірген оқушылардың барлығын есепке алуға мүмкіндік береді және бөтен адамдардың ішке өтуіне жол бермейді. Сондай-ақ, енді оқушылар асханаға барған кезде алтын уақыттарын жоғалтпайды. “Е-асхана” жобасы бойынша электронды төлем арқылы тапсырыс береді. “Е-кітапхана” жобасы да нағыз заманауи бастама. Оқушылардың бұрынғыдай кезекке тұруы, қалаған кітабын сағаттап іздеуі секілді қиындықтар артта қалмақ. Өйткені, кітаптардың электронды мәліметтер базасы түзілген. Оқырмандардың электронды картотекасы жасақталып, кітапқа қол жеткізу жеңілдетілген. Бүгіндері бес мектептің кітапханасында арнайы құрал-жабдықтар орнатылып, 25 мың кітапқа штрих-код жапсырылды.
2018-2020 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес робототехника үйірмелері жұмыс істейтін білім беру мекемелерінің саны 16-ға жетті. Білім ошақтары үшін 87 мультимедиалық құрал-жабдық сатып алынды. Сондай-ақ, он бір робототехника кабинеті ашылып, информатика пәнінің 33 мұғалімі біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Бүгіндері “Мектепке дейінгі жастағы балаларды кезекке қою” және “1-сыныпқа қабылдау туралы жолдама беру” онлайн-сервисі жұмыс істеуде. “Customsolutioncenter” ЖШС-і келісімшартқа сәйкес бұл қызмет түрлерін қаладағы жалпы білім беретін 35 мектепте және 56 балабақшада іске қосты. Бүгінде ол толық автоматтандырылған. Барлық қалалық білім беру мекемелері “Күнделік” электронды журналына көшті. “Балалар үшін ІТ-сыныптар” жобасы бүгінгі күні қазақ мектеп-гимназиясы мен №43 орта мектептің базасында табысты жүзеге асырылуда. Оқушылар бұл жерде бағдарламалаудың алғышарттарын, қарапайым алгоритмдерді құруды, веб-сайттарды, ойындар мен анимацияларды жасауды үйренеді.
Сандық технология тетіктері қоғамдық көліктерге де сәтті енгізіліп жатыр. “GPS”-навигация жүйесі орнатылған автобустардың қозғалысы жөніндегі ақпарат аялдамаларда ақпараттық таблода көрсетіледі. “Петропавл автовокзалы” ЖШС-і билеттерін электронды сатылымға шығаруды қолға алды. Үстіміздегі жылы бұл жұмыстар жалғасын табады. Сондай-ақ, алдағы уақытта бір сандық ақпараттық табло, датчиктері бар 32 құрылғы және күн батареясымен жұмыс істейтін 8 жарық диодты автономды шам орнату жоспарланған.
Петропавл – еліміз бойынша электр энергиясын пайдалануды және көше жарығын қолдану шығындарын азайтқан қалалардың бірі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қолға алынған жобалардың бірі – “Smart көшелерді жарықтандыру” жобасы. Жоба аясында облыс орталығының 12 көшесіндегі ескі шамдар үш мыңнан астам электр-үнемдегіш жарық диодты нұсқасына ауыстырылды. Ендігі кезекте диспетчер жарықтың жанып-сөну кестесін белгілеу мүмкіндігіне ие. Шамдардың жұмыс режімі туралы мәліметтер, сондай-ақ, жүйені басқару құрылғылары диспетчердің мониторында көрініп тұрады. Сондай-ақ, ескі темір-бетонды тірек бағандар жаңартылған заманауи баламасына алмастырылды. Жол қауіпсіздігі қозғалысын қамтамасыз ету үшін күн батареяларымен жұмыс істейтін 17 жарық диодты автономды жол белгілері орнатылды.
“Smart City” бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде “Е-ПИК” жобасы іске қосылды. Бүгінгі күні порталға 58 көпқабатты тұрғын үйдің төрт мыңға жуық тұрғыны қамтылған 6 пәтер иелері кооперативі тіркелді. Төрт тұрғын үйге орталық серверге суды пайдалану көрсеткішін қашықтан беретін құрылғы орнатылды. Ағымдағы көрсеткіштер “KazSmartSys” серіктестігінің серверіне және “Е-Shanyrak” бірыңғай ақпараттық жүйесінің сайтына жіберіліп тұрады.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның электр қуатын автоматты есептеу жүйесінің аясында 26 мың заманауи есептегіштер орнатылды. Бұл жалпы 86 мың тұтынушының 30,2 пайызын құрайды. Қала тұрғындарының қолайлылығы үшін “Бірыңғай есептегіш орталық” жұмыс істейді. Жұртшылық бұл жерден төлемдер жөніндегі ақпаратты ала алады. Сонымен қатар “Бір терезе” қағидаты бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында көрсетілетін қызмет түрлері үшін осы орталықта есеп айырыса алады.
Қаладағы тәртіпті қадағалауда бейнебақылау құралдарының көмегі мол. Ол бүгінде өз жемісін беруде. Қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына төрт мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Олардың арасында әлеуметтік және мәдени-ойын-сауық нысандары да бар.
Бұдан бөлек “Қазақтелеком” АҚ-ы “бұлтты бейнебақылау” жүйесін жүзеге асыруда. Бұл жаңа қызмет абонентке заманауи құрылғының немесе дербес компьютердің көмегімен өз үйінің кіреберісін бақылауына мүмкіндік береді. Бейнемұрағат серіктестіктің серверінде жеті күнге дейін сақталады. Былтыр Петропавл қаласында аталмыш қызмет 160 көпқабатты тұрғын үйдің 688 кіре-берісіне орнатылса, биыл бұл қызметке тағы 214 тұрғын үй қосылады деп күтілуде.
Мемлекеттік басқару саласында “Ашық әкімдік” қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта 35 мыңнан астам петропавлдық бұл жобаның игілігін көріп үлгерді. “Электронды үкімет” порталы арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін қалалық әкімдіктің бірінші қабатында “ConnectionPoint” өзіне-өзі қызмет көрсету алаңы ашылды. Көрсетілетін қызмет түрлерін бақылау және сапасын жақсарту мақсатында “Жеке қабылдау” модулі енгізілді. Азаматтарға “SMS” хабарлама жіберу арқылы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік туды.

Евгений ГЛОТОВ, Петропавл қаласы  әкімінің орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp