«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЙЛАНЫС ЖЕТІЛДІРІЛМЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда облыстық сотта сот процесінен ақпарат тарату тақырыбында семинар өтті. Бұл алқалы жиынға облыстық, қалалық, аудандық соттардың қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинарды облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов жүргізді. Оның айтуынша, бүгіндері сот жүйесінің басым бағыттарының бірі фемида қызметкерлеріне деген тұрғындардың сенімін арттыру. Ол үшін қоғам тарапынан айрықша назарға іліккен әртүрлі деңгейдегі қылмыстар бойынша соттың шешімдерін жұртшылыққа уақтылы жеткізу қажет.
Өңіріміздегі барлық деңгейдегі соттардың қызметін объективті түрде көрсету фемида қызметкерлерінің өз міндеттерін сапалы атқаруға ықпал етеді. “Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері газет оқырмандарына, теледидар көрермендеріне, ғаламтор пайдаланушыларына өңіріміздің соттарында болып жатқан оқиғалар хақында жедел хабар тарату арқылы ортақ іске өздерінің үлестерін қосуда”, – деді Айдар Әскербекұлы.
Сот-үйлестіруші Гүлнәр Бекенова қаралған сот істері жайында қандай да болмасын жедел және нақты ақпарат алу үшін кез келген журналист облыстық соттың баспасөз қызметіне тікелей хабарласа алатынын алға тартты. Жұртшылық тарапынан ерекше назар аударылған қылмыстық істер бойынша облыстық соттың баспасөз қызметі бірден мемлекеттік және орыс тілдерінде тиісті веб-сайтқа, бұқаралық ақпарат құралдарының электронды пошталарына қаралған сот процесінің қорытындысын жібереді. Бұл журналистерге судьяның сотта шығарған үкімінің нақтылығын анықтауға мүмкіндік береді.
Облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әсемгүл Болтыбаева журналистердің сот процесіне қатысуы, оның материалдарын алуы мен жариялауы жайында пікірін білдірді, “Юридическая” газета басылымының біздің облыстағы меншікті тілшісі Инна Лопатко сот процесінен кейін судьяның өзі шығарған үкіміне орай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қысқаша түсініктеме беру, қаралатын қылмыстық істердің жоспарын алдын ала хабарлап отыру, журналистермен жүйелі түрде баспасөз мәслихатын, брифинг өткізу мәселелерін көтерді. Семинарға қатысушылар сот жүйесі қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өзара байланысын одан әрі жетілдіру үшін алда да атқарылатын жұмыстардың аз емес екенін айтып, тарқасты.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp