«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОСЫМША БІЛІМ – КЕЛЕШЕК КІЛТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Петропавлдағы Оқушылар сарайында “Қосымша білім беру: болашаққа көзқарас” атты халықаралық құрылымдық диалог өтті. Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған шараға балаларға қосымша білім беру Еуразиялық қауымдастығының Ресей, Беларусь және Қырғызстандағы өкілдері, еліміздің мектептері мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.

Отырыс барысында Парламент сенатының депутаты Сәуле Айтбаева елімізде мектептен тыс 1303 ұйым мен білім ордаларында 63 мыңнан астам үйірме жұмыс істейтінін жеткізді. Балалардың 82,8 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Үстіміздегі жылы ел бойынша балалар технопарктерінің санын – 25, бизнес-инкубаторлардың қатарын 18-ге жеткізу жоспарланған.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қосымша білім беру зор маңызға ие екенін атап айтты.
– Бүгінде біз қосымша білім берудің мүмкіндіктері мол екеніне көз жеткізіп отырмыз. Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайы – соның жарқын дәлелі. Бұл мекеменің Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумының басты нысанына айналғанын, мәдени және іскерлік қарым-қатынастардың орталығы болғанын айта кеткен жөн. Заманауи қондырғылармен жабдықталған Оқушылар сарайы – солтүстікқазақстандық шәкірттерге жасалған тамаша тарту. Қазіргі таңда өңірімізде 40 мыңнан астам бала қосымша біліммен қамтамасыз етілсе, Петропавлда оқушылардың 90 пайызы сабақтан тыс үйірмелерге барады. Бұл көрсеткіш – Оқушылар сарайы жұмысының нәтижесі. Жасөспірімдерді қосымша білімге тарту олардың арасындағы заң бұзушылықтардың алдын алуға септеседі, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Бұдан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жиналғандарды Оқушылар сарайының жұмысымен таныстырды.
Шараға жиналғандарға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда қолданылатын инновациялар, Win-win стратегиясы, бейнелеу өнерінде ІТ-технологияларды пайдалану жайлы ақыл-кеңестер берілді. Сондай-ақ, жиында балаларды оқытуда техникалық және кәсіпкерлік бағыттарының заманауи үлгілерін, жалпы орта және қосымша білімнің түрлі кіріктірілу формаларын енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасөспірімдердің арасында STEM-білім беру жүйесін дамыту, сәндік-қолданбалы өнерді, ән мен биді эстетикалық тәрбие беруде ұтымды қолдану жайлы айтылды. Шара соңында қосымша білім берудің даму бағыттарын анықтайтын тиісті ұсынымдар әзірленді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp