«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒЗАҒА ЙОД ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгіндері йод тапшылығы ауруы белең алуда. Әлемде 1,9 миллиард адам, соның ішінде 285 мың бала йод тапшылығынан зардап шегіп отыр. Топырақ пен суда йод тапшылығы болса, жергілікті азық-түлік өнімдерінде ол айқын көрініс табады.

Йод адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті микроэлемент болып табылады. Егер адамның ағзасында қажетті микроэлемент жетіспесе, йод тапшылығынан қалқанша безі жұмысы бұзылады. Денсаулығы қалыпты адам бір күнде 150 микрограмм йод тұтынуы қажет. Бұл қажеттілік өтелмесе, адам ағзасы түрлі ауруға шалдығады. Йод жетіспеушілігі иммунитеттің әлсіреуін тудырып, ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Әсіресе, балаларда йод тапшылығы болса, олар күйзеліске түсіп, психикалық ауытқушылыққа ұшырайды. Сонымен қатар есте сақтау қабілеті төмендеп, әлсіз, ұмытшақ, ашуланшақ болады. Ал йодтың тапшылығынан жүкті әйелдер түсік тастап, перинаталдық өлім-жітім көбейеді. Сондай-ақ, туабітті дертке шалдыққан сәбидің дүниеге келуі де мүмкін.
Адам йодтың 90 пайызын тағамнан, ал қалғанын судан алады. Тағам арқылы йодты қабылдау экономикалық, физиологиялық, рационалдық жағынан дұрыс деп есептелсе де, қазіргі таңда ол жеткіліксіз болып отыр. Әлсіз топтар, ерте және мектеп жасындағы балалар арасындағы йод жетіспеушілігін жою үшін топтық алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Күн сайын йод қажетті мөлшерде түссе де, оның ағзаға сіңуіне кедергі келтіретін себептер де аз емес. Дұрыс тамақтанбау, микроэлементтер мен дәрумендердің жеткіліксіздігі басты себеп болып табылады.
Елімізде топырақ, су мен азық-түлік өнімдерінде йодтың жетіспеушілігі салдарынан эндемиялық жемсау (зоб) аурулары көптеп тіркелген. Отандық, ресейлік және ағылшын ғалымдары осыдан 27 жыл бұрын жүргізген зерттеудің нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан аумағында туабітті гипотиреоз ауруының көрсеткіші жоғары екені анықталды. Ал біздің Тайынша ауданында он алты бала зоб ауруымен есепте тұр. Бұл дертке ересек тұрғындардың 1,1 пайызы шалдыққан. Оның басым бөлігі әйелдердің үлесінде.
Жалпы, эндемиялық жемсау дертіне қыз балалар көп шалдығады. Бұл аурудың алдын алу үшін йодтпен байытылған теңіз өнімдерін пайдалану қажет. Ет, сүт, жұмыртқа ағзаға йод беретін негізгі тағамдар екенін естен шығармаған жөн. Қызанақ, сәбіз, картоп, қызылша, орамжапырақ, пияз сияқты көкөністер мен құрма, алма, жүзім, шиенің де пайдасы зор.
Йод тапшылығының алдын алу үшін жүкті әйелдер мен балаларға йодбаланс, йодомарин, йод витрум сияқты дәрілерді міндетті түрде қабылдау ұсынылады.


Нина ВРУЧИНСКАЯ, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp