АҚШ ғалымдары ғылыми тілде “Artemisia Annua” деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпедегі ісік жасушаларының 98 пайызын бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтады. Ол – Қазақстанның кез келген дерлік жерінде жұпар иісі бұрқырап өсіп тұратын кәдімгі жусан шөбі. Атам қазақ ертеден қастер тұтқан, алыс сапарларға шыққанда ұдайы жанына бір бумасын алып жүрген өскіннің осындай құдіреті бар болып шықты.
Америка ғалымдары жусанды бұл мақсатқа пайдалана білудің де өз ерекшеліктері бар екенін айтып отыр. Мысалы, оның біржылдық өскінін емге қолданған жағдайда ол өкпедегі қатерлі ісіктің тек 28 пайызын ғана жойып жібере алады. Ал егер оған темір қоспасын қосып пайдаланса, өсімдік ісікті толық емдейді. Зерттеу нәтижелері артемизинин препаратының ісік жасушаларының қарқынмен өсуін толық бақылауда ұстай алатынын көрсетіп берді.