Мамлют ауданының Бексейіт ауылында тұрып жатқан Жүсіпбековтер отбасы өңірімізге осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысынан қоныс аударған еді. Бастапқыда отағасы Ғани Жүсіпбеков өңірімізді өз көзімен көріп қайтуды жөн көрген. Ол жергілікті әкімдіктің және жұмыспен қамту орталығының мамандарымен кездесіп, көшіп келсе баспана және екі қолға бір күрек табылатынына көз жеткізген.
Атап айтқанда, “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігіне механизатор керектігін естіген соң Ғани Алғабекұлы бірден Бексейіт ауылына қоныстануды ойлайды. Бұл уақытта қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан көтермеақы ұсынылса да, тұрғын үй сатып алуға демеу-қаржы берілмеді. Сондықтан Жүсіпбековтер отбасын баспанамен қамтамасыз ету міндетін серіктестік өз мойнына алды.
Жақында біз, аудандық атқарушы органдардың өкілдері, Жүсіпбековтер шаңырағына барып қайттық.
Ауылдың қардан аршылған кең көшесінің бойында отбасының жаңа үйі тұр. Бізді баспана иелері қуана қарсы алып, қонақжайлық танытты. Бұл күндері Ғани Алғабекұлы аталмыш серіктестікте механизатор болып жұмыс істейді. Серіктестік басшылығы уәде бергеніндей, алғашқы жылы бұл отбасына үй, 10 сотық жер және сиыр сатып әперген. Содан бері еңбексүйгіш отбасының қорасы малға толды. Ғани Жүсіпбековтің айтуынша, мал ұстаудың ешбір қиындығы жоқ. Өйткені, күзгі орақ науқанынан кейін әрбір жұмысшыға жемшөп қолжетімді бағаға сатылады. Қорада мал ұстау дастарқан басына күнделікті экологиялық таза тағамдарды қоюға мүмкіндік беруде. Сапалы ет пен сүт, ірімшік, қаймақ жегенге не жетсін?!
Бүгіндері Ғани Алғабекұлы өзінің еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында серіктестіктегі озат жұмысшылардың біріне айналған. Маңдай терімен тапқан табысы көптен бері армандаған автокөлігін сатып алуына мүмкіндік берген. Сонымен қатар үйдің іші жиһазға, түрлі тұрмыстық техникаға толған.
Отағасының зайыбы Динара да үйде қол қусырып отырмайды. Ол Бексейіт орта мектебіне жұмысқа орналасқан. Ерлі-зайыпты Жүсіпбековтер екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкені Нұрислам ауыл мектебінің 2-сыныбында оқыса, кішісі Дінислам мектеп жанындағы шағын орталыққа барады.
“Оңтүстіктен – Солтүстікке!” жобасының жемісін көріп отырған отбасын көпке үлгі десек артық айтқандық емес.
Халида ШАГВАЛЕЕВА, Мамлют аудандық мәслихатының депутаты, “Знамя труда” газетінің бас редакторы.