Облыстық әкімдікте өңір активінің отырысы өтті. Отырыста облыс әкімі Құмар Ақсақалов Айдарбек Сапаровты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуымен құттықтады. Өңір басшысы бұл Айдарбек Сейпілұлының жұмысына берілген жоғары баға екенін атап көрсетті.
– Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық дамуда жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Елімізде агросекторға тартылған инвестициялардың 25 пайызы біздің өңірдің үлесінде. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмысы сәтті жүзеге асуда. Бұл жетістіктерде Айдарбек Сейпілұлының еңбегі аз емес. Үкіметте де осындай жетістіктерге қол жеткізеді деген сенімдемін, – деді Құмар Ақсақалов.
Айдарбек Сапаров өз кезегінде жаңа қызметте табыс тілегені үшін өңір басшысына, активке қатысушыларға алғысын білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.