Петропавл қалалық соты “Квартал” басылымының шеф-редакторы Елена Кузнецованың бостандығын бір жылға шектеп, 35 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлады “Әділ сөз” баспасөз қорғау қоры.
Журналистің сотқа тартылуына өткен жылы басылымда жарық көрген мынадай үш мақала негіз болған: “Ресейлік инвестордың сыры” (8.11.2018 ж.), “Ресейлік инвестордың әшкереленуі” (15.11.2018 ж.), “Ресейлік инвестордың бұлыңғыр схемалары” (22.11.2018 ж.). Петропавл қалалық сотының судьясы Сәуле Литфуллина “жала жабу” бабы бойынша (130-бап, 3-тармақ) айыпталған Елена Кузнецованы кінәлі деп тапқан.
Журналисті сотқа берген ресейлік кәсіпкер Герман Мазур мен оның әріптесі Олеся Дацконың айтуынша, жоғарыда аталған мақалаларда “сот үкімімен дәлелденбеген” қате тұжырымдар бар. Ал журналист тағылған айыптармен келіспеген. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústik Qazaqstan”.