Өңірімізде 500-ге жуық тұрғын “Бизнес бастау” жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуде.
Жобаның бизнес-жаттықтырушысы Дмитрий Шадриннің айтуынша, “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында қолға алынған жоба облыс орталығы мен 12 ауданда жүзеге асырылуда.
Бірінші кезеңге сәйкес тестілеуден сүрінбей өткен тұрғындарды білікті бизнес-жаттықтырушылар оқытуда. Курстың 20 күні ішінде азаматтар бизнес-жоспарларын әзірлеулері тиіс. Ал оқудан сәтті өткендердің бизнес-жоспарлары мемлекет тарапынан грантқа ие болмақ. Бұл үшін тұрғындар тың ойларын ұсынады. Бірі қолөнермен айналысуды жөн көрсе, екіншілері өндірісте бағын сынамақ.
Биыл Петропавл қаласында жоба бойынша оқуға 180 тұрғын ниет танытса, оның 48-і ғана топқа кірген. Солардың бірі – Елена Андрейченко бьюти-индустрия саласында кәсіп ашуды жоспарлап отыр.
– Бастапқыда екі күндік “Бизнес-кеңесші” курсына қатысып, бизнес түрлерімен таныстым. Кейін білімімді толықтыруды жөн көріп, аталмыш жобаға жазылдым. Қазіргі таңда азын-аулақ қаржым бар, мемлекет қолдауына да үміт артып отырмын. Құрылғыларды сатып алуға арнайы көмек беріледі. Бұл үшін бизнес-жоспарымды жан-жақты ойластыра отыра құрып, комиссияның алдында сәтті қорғап шығуым қажет, – деді Елена Андрейченко.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Александр Бердниченконың сөзіне сүйенсек, үстіміздегі жылы “Бизнес бастау” жобасы ел бойынша 15 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға кәсіпкерлік негіздерін үйретуге мүмкіндік береді. Курс тыңдаушыларына 16700 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.